Қазақстандағы екінші АЭС құрылысын Қытайлық компания салады

/uploads/thumbnail/20250614221226095_big.webp

Қазақстандағы екінші атом электр станциясының (АЭС) құрылысын салу жөніндегі консорциумның жетекшісі ретінде Қытайдың CNNC (China National Nuclear Corporation) компаниясы таңдалды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдын ала іріктеуге қатысқан барлық үміткерлердің өзіне тән бірегей технологиялары болғанымен, ең тартымды ұсыныстар Қытай мен Ресей компанияларынан түскен.

 «Қытаймен ядролық саладағы ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қою жоспарланып отыр. Біз тағы бір АЭС салу үшін Қытай технологияларын Қазақстанда көргіміз келеді. Объективті түрде айтсақ, әлемде ядролық отын циклін толық игере алатын елдер көп емес. Қытай – сондай мемлекеттердің бірі. Біздің келесі басты басымдығымыз – Қытаймен ынтымақтастық», – деді Сәтқалиев.

Агенттік басшысы сондай-ақ Қытай тарапымен жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп жатқанын, қазақстандық тарап Қытайдың жылдам әрі сапалы құрылыс жүргізу тәжірибесін пайдалануға мүдделі екенін айтты.

«Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Агенттік тиімді консорциумдар құруы тиіс», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде салынып жатқан бірінші АЭС құрылысын ресейлік “Росатом” компаниясы жүзеге асыратыны хабарланған болатын.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар