Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
— Салтанатты рәсім кезінде Құрмет қарауылының ротасы сап түзеп, мәртебелі мейманға құрмет көрсетті. Қазақстан мен Қытайдың тулары бейнеленген жалаушаларды ұстаған балалар делегацияны ерекше қошеметпен қарсы алды, — делінген ресми мәлімдемеде.
Айта кетейік, Қытай көшбасшысы мінген ұшақ Қазақстан шекарасынан бастап елордаға дейін Қазақстан Республикасының Әуе қорғаныс күштерінің жойғыш ұшақтарының сүйемелдеуімен ұшты.
Си Цзиньпиннің сапары аясында Астанада «Орталық Азия – Қытай» атты екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр.