«ТУҒАН ЖЕРГЕ» ОРАЛАМЫН ДЕП ДЫМСЫЗ ҚАЛҒАН ЖЕСІР АНАНЫҢ ЖЫРЫ

/uploads/thumbnail/20170710082033107_small.jpg

Кешен, 23 мамырда  көшіп келе жатып, шекара қызметкерлері ақшасын алып қойған Гүлжан Мәуітханқызының мәселесіне байланысты  Астанада кезекті мәрте  баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қоғам белсенділері, заңгерлер және журналистер қатысты.

«Жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егілетін» қандастардың қоғамдық резонанс тудырған мәселесі 3 ай өтсе де өз шешімін тапқан жоқ. «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 59900 АҚШ долларынан айырылған жесір анаға байланысты бірінші сот отырысы 17 наурызда Зайсан қаласында өткен болатын. Сот үкімі 234-бап бойынша Гүлжан Мәуітханқызын айыпты деп таныған. Сонымен қатар, 68 мың теңге айыппұл салып, қалған 40 мың долларды мемлекетке кіріс ретінде аударған еді. Алайда, бірінші сот шешімін әділетсіз деп наразы  болған жұрттың қарасы көп. Енді апелляциялық сот отырысы 1 маусымда Өскемен қаласында өтеді.

 «Көзімнің тірісінде ұрпақтарымыздың  өз елінде өсіп-өнгенін көрейін, «елім, жұртым»  деп келгенбіз. Қазір өз ақшамыздан өзіміз айырылып далада жүрміз. Екінші сот отырысынан үмітім көп»,- дейді Гүлжан Мәуітханқызы.

Бұл мәселе ұлттық имиджімізге кереғар екенін алға тартқан қоғам белсенділері өз кезегінде алдағы апелляциялық сот отырысын жіті назарда ұстайтынын жеткізді.

 

 Абзал Құспанов, заңгер:  «Қылмыстық жауапқа тартылу үшін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл кісілердің тарапынан субьективті әрекет дәлелдену керек. Ондай әрекет дәлелденген жоқ. Сонымен қатар мемлекетке, ҚР-ның бюджетіне ешқандай залал келіп отырған жоқ. Демек, бұл жерде қылмыстық құрам жоқ.  Бар болғаны бір жапырақ қағазды толтыруды білмеген»

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:  «Осы мемлекеттің азаматы ретінде, қазақ ретінде осындай жағдай үшін сізден кешірім сұраймын. Мемлекетіміздің сот жүйесінде түсініксіз жағдайлар бар. Қанша қаржыны жымқырған қылмыскерлер бостандықта жүр. Ал, қаракөз қандастарымыз білместік үшін жауапкершілікке тартылып, 6 айдан бері әуре-сарсаңға түсіп жүр. Мүлде түсініксіз»

 

Ғалым Байтук, қоғам қайраткері: «Осы кезде Абай тірі болса: «Қайран, қазағым-ай» деп күрсінер еді... Кириллица қаріпін танымайтындығын пайдаланып, бұлай алдау ұят нәрсе»

 

Жауды да жат көрмеген қазақпыз.  Ата-жұртын іздеп келген қандастарға дәл бұлай опасыздық жасау ешқандай моральдық-этикаға да, рухани-адамгершілікке де жатпайды.  Жесір ананың көз жасын көрер көз, естір құлақ боларына біз сенеміз...

Осы іс бойынша ҚР-ның Бас прокуратурасына бүгін шағым түсіріледі және істің нәтижесі  біздің назарда  болады. 

Назерке Өрқара

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар