Өткен аптада, қазанның 9-ы Астана қаласында «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!» атты Халықаралық өнер фестивалі өтті. Фестивальге қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген жас ақын Марғұлан Ақанмен өрбіген «Қамшы» порталының эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз:
- Марғұлан жүлдеңмен құттықтаймын. Өнер фестивалі қалай өтті?
- Рахмет. Бұл жолғы аламанға Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Арабия, Түркия, Германия, тағы басқа Еуропа елдерін, жиыны жиырма елден 80 өнерпаз мүшайра, дәстүрлі ән, сурет көрме бағыты бойынша қатысты. Олар он сегіз бен отыз бестің арасындағы жастар. Шетелдегі қазақтардың өнер фестивальіне топтасуы ұлттың ұйысуының бір көрінісі еді. Ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және Спорт Министрлігі, тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне көп алғыс білдіреміз. Фестиваль аясында Астананың әсем жерлерін аралап, Ұлттық музейді тамашалауға мүмкіндік алдық. Өнер бәсекесіне өзге елдің атынан қатысқан өнерпаздардың басып көпшілігі қазақстанда тұратындар еді. Фестиваль мақсаты шетелдегі қандастарымыздың танылмаған таланттарын халыққа жариялау болып табылады. Моңғолия республикасынан келген Өзгеріс атты бауырымыз талайды тәнті етті. Дәстүрлі әннің бас жүлдесін жеңіп алған бұл жігіт «Бас» дауысымен ән айтады екен. Ол бұндай дауысқа ие Қазақстан бойынша үшінші адам ғана болып отыр. Өзгерісті болашақта үлкен сахнадан көреміз деп сенемін. Бұған дейін мен қатысқан бәсекелердің ішінде мені таң қалдырған да, ең әділ өткен де осы дода болды. Поэзияға үш жүлделі орын және екі ынталандыру жүлдесі тағайындалған. Дәстүрлі әнге тіпті төрешілер өз қалталарынан теңге шығарып жүлделер санын арттырып жатты.
- Сіз қайсы елдің атынан өнер таластырдыңыз? Фестивальде бағыңызды қандай өлең ашты?
- Мен Қытай қазақтарының атынан қатыстым. Алтай аймағының Көктоғай деген жерінде дүниеге келгенмін. Бұл жер ту көтеріп, елін қорғау үшін тұлпар мінген Оспан батырдың туған топырағы. Әкем де, мен де Қытайда дүниеге келгенімізбен арғы алты атам Аякөзде туған. Атам тоғыз жасында туған жердің топырағымен қоштасып шетел асыпты, мен тоғыз жасымда атажұртқа оралдым. Бұлда болса уақыттың тоғысуы деп ойлаймын. Фестиваль шарты бойынша, бізге Қазақстан жайында бір өлең, атажұрт туралы және еркін тақырыпқа бір өлең оқу тапсырылды. Мен өз кезегімде «шекарадағы шер» деген өлеңімді оқыдым. Мүшайраға Несіпбек Айтұлы төрелік етті. Бас жүлдені Қытайдан келген Еркін Исахан алды. Үшінші орынды қанжығама байлап қайттым. Фестиваль маған үлкен шабыт сыйлады.
Әңгімелескен: Бірлесбек Саяүл
Марғұлан Ақан. Шекарадағы шер
Паң дала,
Дәрмен берші пақырыңа,
Тағдырдың салып қойма тақымына.
Жарық күн жарығыңмен жарылқа бір,
Мамық түн жол көрсетші ақыныңа.
Артқаны жұрттың жүгі жауырына,
Ақынмын... Қарғыс айтпас жау ұлына.
Шекара, шектей көрме шерімді сен,
Жеткізші Алатаудың бауырына!
Апаршы ұлы Абайдың ауылына!
Көңілім құлазыма марқай десем,
Тұр алда Арқа-әкем, Алтай-шешем.
Бастаудан зәм-зәміңді күн туар ма,
Қаймықпай қанып ішер жарты ай кесем.
Жотаңа көзім түсіп тебіренді,
Әр алуан шашыратып көк реңді.
Алдына қарап ұлың арман кешіп,
Артында жұртқа қарап күңіренді.
Кіндігім жұртқа қалды қанын көміп,
Асықтым! Қалмасын деп арым да өліп.
Отанға отты жебе секілденіп,
Атылдым адырнадан жанымды өріп.
Дүние білмеппін-ау тарлығыңды.
Туған жер, табалама тағдырымды,
Күш болса тау-тасыңмен Толағайдай,
Көшіріп әкетер ем барлығыңды.
О,әке қарашы әне паң даланы,
Көрген көз сұлулыққа таң қалады.
Рухымыз өлмесінші... анау шапқан,
Тұлпардан бізге жеткен шаң бағалы.
Қайғыны - қуанышты ұлтпен кешіп,
Оралу маңдайыма біткен несіп.
Жетпеген жетегіңе жұрттың жасы,
Келеді саған ауа бұлтпен көшіп.
Шүкір-ақ! Құдай берді қалауымды,
Тигіздім жерге жылы табанымды.
Көш жетіп керуенге үрген қара күшік,
Қарсы алды тістеп тұрып балағымды...
Тістеші, тістей түсші сезінейін,
Талқысып топырақта көз ілейін.
Атамыздың шекпенін жұртта қалған,
Бір иіскеп құшағыңда езілейін.
