БАР ТҮРІК АТҚА ҚОНАР КҮН ТУАР МА?...

/uploads/thumbnail/20170708154928131_small.jpg

Келеміз бір күн  - артта, бір күн – алда,

Шама жоқ сияқты ма, бұлқынарға?

Ұрандап дұшпанына қарсы шабар,

Бар Түрік, басын қосар күн туар ма?

 

Барамын өзім де азып, жерім де азып,

Барады көңілдегі Сенім де азып.

Айтқандай Ұлы Мағжан: «қара шаңырақ» -

Болар ма бар Түрікке - Темірқазық?

 

Тартылған арнасына толар ма көл?

Көңілге Тәуелсіздік - болар ма ем?

70 жыл коммунистер билеп келген

Қазағым, әлі күнге соларға жем!

 

Аздырған 25 жыл әруақты елді,

Қазақты босып жүрген – қаңбақ көрді.

Тексіздер, Діннен, Тілден айрылғандар,

Қазақты қайта орысқа байлап берді.

 

Бұл Қазақ – қалмақ көрген, ойрат көрген,

Бұл Қазақ – сол құлдығын тойлап келген...

Бұл Қазақ – Шындықты айтсақ, 25 жыл –

Дегенмен Тәуелсіздік - ойнап келген.

 

«Одақтың» әкелер ме басы – қайғы?

Кімді – кім, бұдан былай асырайды?

Билікті - орысқұлдар басып алған

Орысқа қайтып берді басыбайлы.

 

Ниеті орысқұлдың – жұтқа жақын,

Иуда, Христиан, Будқа жақын...

Бар Түрік – күн туар ма атқа қонар

Құлдықтан бауырларын құтқаратын?..

 

 

Жұмаш КӨКБӨРІ,

17.10.2014 жыл

Қатысты Мақалалар