Сен тыңда, сен де тыңда!

/uploads/thumbnail/20170710113551331_small.jpg

Қызғанбайтын болдық-ау қатынды да, 
Ғаламторда тілдесіп жатыр мұнда. 
Қандай дос ол, кімменен сөйлесті деп, 
Салынбаймыз сары уайым, қайғы мұңға.

Өйткені рас, өзің де желідесің, 
Еркелермен есіріп ерігесің. 
Бойдақпын деп, жар іздеп жүргендей бір, 
Болса дейсің жас қыздан көңілдесің.

Қатыным сезбесін деп үндемейсің, 
Қайдан келдің, кіммен деп,термемейсін. 
Өз кінәңді жарыңнан жасырам деп, 
Жұбайыңды тексеріп үлгермейсің.

Әлеуметтік желілер көбейуде, 
Күннен күнге сан түрі көркейуде. 
Жалаңаштық жаhанды жаулап алып, 
Жас ұрпақтың санасын игеруде.

Жан досыңның жарына көз саласың, 
Неткен сұлу, көркем деп тамсанасың. 
Құдай қосқан қосағың ұмыт болар, 
Өзге жанның құшағын аңсағасын.

Тәрбие тәлім алып өзге елден, 
Ауруға да шалдықтық лезде келген. 
Баламыз ғаламторда не көреді деп, 
Қарамаймыз, қорғаштап ерсі желден.

Көкейде бір сұрақ бар жауабы жоқ, 
Көбейуде ерлерім сауабы жоқ. 
Сауна кезген серілер кесірінен, 
Жетімдердің көз жасы жауады көп.

Жараса ма, айтуға жігіт десек, 
Аңдығаны өсек пен, болса төсек. 
Бір ананың өрімдей жас шыбығын, 
Алдап арбап, көндірсе кеуде төсеп.

Ей, пенде, құмарлықты қоймадың ба? 
Сауыққа сайран салар тоймадың ба? 
Жас қыздың ар намысын қорлағанда, 
Анаңды, қарындасты ойладың ба?

Уа жаратқан, тәңірім, раббым Алла, 
Тәнімді мүгедек қыл, бәрін жалма. 
Тек қана басымды иіп өтінерім, 
Жүректен иманымды суырып алма.

 

Боздаса кеудемдегі бота мұңым,
Құл болған қажытады соқа күнім.
Кедейлерді қудалап бай шалқысаң,
Ешқашан әпермейді опа мұның.
Айына 360 мың долларлап,
Айлық алған бетсізі жоғарының.
Біреуі Африкада аң аулап жүр,
Орманын отап болып отанының.
Бақщасына Бразилияның талын егед,
Ақшасына ауылдың шопанының.
Біреуі бір ауылдың жыл бюджетін,
Шашады шубасына тоқалының.
Апыр-ай бұлар қашан тоқтатады?
Елімнің қазынасын қопаруын.
Осындай опасыздарды ойнақтатып,
Сен қайда қарап тұрсың, О Тәңірім?!
Жасаған болашаққа жорық деп пе ем?
Ойымды өтем бүгін бөліп көппен.
Қазақтың тарихында ақындар көп,
Еліне маңдай терін сеніп төккен.
Кешегі Бұқар Жырау дара дана,
Әр сөзін Абылайға ерікті еткен.
Бар жайды білгеннен соң ғана бұлай,
Ырысын Қазағымның толықты еткен.
Әу бастан ханға айтылған шындық қана,
Басшының әрбір ісін көрікті еткен.
Бүгінгі зиялының түрін көрсең,
Шетінен өзін ойлап шөгіп кеткен.
Басшылық сұрай қалса бүлк етпестен,
Жағдайы дейді жұрттың оңып кеткен.
Ақылы жеткенімен батылы жоқ,
Салқыны саясаттың соғып кеткен.
Иманы жұртта қалған ағалардың,
Милары металлолом болып кеткен.
Қазақтың аз болды ма зор ұлдары?
Ұққанға шын ұлағат соның бәрі.
Төле би, Қазыбекпен Әйтекелер,
Парызын парасатпен орындадаы.
Кесіп айтқан имандылық арқасында,
Тарихтың тұр ғой әне төрінде әлі.
Ал бүгінгі би деген депутат қой,
Мағынасын ұғынса оның дағы.
Бұрынғылар халыққа жол көрсететін,
Бүгінгілер таппай жүр өз жолын да әлі.
Бүгінгілер би де емес биші де емес,
Бишік боп тұр биліктің қолындағы.

Ринат Зайтов

Қатысты Мақалалар