Қытайдағы өнертапқыш қандасымыз Еркінбек Мұхтарбекұлы ЭКСПО-2017 көрмесіне өзі жасаған қазақи үлгідегі әуе шармен Шанхайдан Астанаға ұшып келетіні туралы хабарлаған едік.
Ол дегеніне жетіп, Жібек жолын көктей өтіп, Астанаға EXPO көрмесі үшін жасаған әуешарын арнайы әкелді. Маусымның 9-ы күні ашылу салтанаты өткен, үш айға жалғасатын ұлттық көрмеге ерекше ықылас көрсетіп келген қонақпен Қамшының Астанадағы тілшісі арнайы сұхбаттасты.

Қош келдіңіз Еркінбек мырза! Қазақтың бас киімі үлгісінде сіз жасаған әуе шардың дақпырты елге өзіңізден бір жыл бұрын жеткен еді. Ерекше жобаңыз туралы айтсаңыз?
Бас киім тарихта ежелден бар. Қазақ қуанса «бөрігін аспанға атады». Бас киімді халқымыз аяқасты қоймайды, тізеден жоғары ұстайды. Бас киімнің киесі де бар деп жатады. Батыр мен балуанға шапанмен қоса бас киім кидіріп жатады. Бас киім - бірден-бір құрметтелетін киім. Ұшардың алдында бұл бас киімді мен ғана киіп тұрдым, ал қазақтың қасиетті бас киімі аспанға ұшқан сәтте оның астындағы халықтың бәрі бас киімді киді деуге болады. Бұл ынтымақ пен сыйластықтың, құрмет пен тыныштықтың нышаны. Елбасымыз да халықаралық аренада бейбітшілік пен тыныштықты насихаттайды. Біздікі де сол президент бастаған саясатқа, елдің тойына деген құрметтен туған жоба.
Осы әуе шарын жасау барысында қандай қиындықтар кездесті? Халықаралық көрмеге төл туындыңызды ұсынуыңыздың басты себебі неде?
Елімізде үлкен той болып жатыр. Той дегенде қу бас домалайды. Қазақта бір үйде той болса, сол үйге ағайын-туыс, бауырдың барлығы жиналады. EXPO Қазақстанның ғана емес барша қазақтың тойы ғой. Келіп әркім қолынан келгенше қызмет жасауға тиіс. Архитектор ретінде мен де қандас бауырларымның тойына сыйымды алып келдім.
Ал шарды жасау барысында кездескен қиындықтарға келсек, мен бұл шарды 11 жыл бойы армандадым. Ең әуелі Бейжіңде оқып жүрген кезде түс көрдім. Түсімде бақша үстіне әуе шарына мініп, ұшып жүр екенмін. Содан ойдан-ой туып, сызба нұсқасын жасап шықтым. Артынан бір қағазбен ештеме шешілмесін біліп, заңды түрде рәсімдей бастадым. Жасап шығаруға рұқсат алдым. Ең соңында барлығы қаржыға келіп тірелді. Сонымен бұл істің аяқталмайды деген оймен басқа жұмыстарымды атқарып жүре бердім. Халықаралық ЭКСПО көрмесінің Астанада өтетінін естіген соң, қайта қолға алдым. 1-2 жыл қолымнан келгенше қаражат жинадым. Артынша жасап шығаратын зауыт іздедім. Бағасы қолжетімді зауыт тапқан соң қолымда бар ақшаны беріп, дайын болуын күттім. Жарты ақшасы төленген шарды алып 5-10 күн сынақтан өткіздік. Көпшілікке қаржыының жетпей тұрғанын айтып, біраз жердің есігін қақтым. Кейін толықтай шығуына өзімнің бірге өскен досым көмектесті. Басты мақсатым, мәдениетімізді көрсететін, ұлттық құндылығымызды танытатын құнды бір дүние жасап шығару болды. Көрмеге келген шет ел азаматтары біздің елдің мәдениетін ауыз толтырып айтып жүруі үшін тырыстым.
Архитектормын дедіңіз, өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
Мен Шыңжаңның Бұратала облысында туғанмын. Ата-анам оқытушы. Әкем дүниеден ерте озған. Әрбір қазақ баласы Отанға өз үлесін қосуға ниет етіп жатса, алдағы жылда Қазақстан бұдан да биік шыңдарды бағындырады. Мені танытатын баскиімі бейнеленген осы әуешар. Төмен жағында алтын аттың бейнесі бар. Себебі біз ат үстінде өскен халықпыз. Кез-келген затты жасау барысында халқымыздың тарихын көрсетіп отыруымыз қажет.
Алда қандай жобалар жасау ойыңызда бар?
Ойымда қонақ үй салу жоспары бар. Ол қонақүйдің жоғарысынан қарағанда Қазақстанның туы көрінеді. Жанына барсаңыз қонақ үй, ал екі жағынан қыран құстың қос қанаты көрініп, қонағына құшағын айқара ашқан жеті жұлдызды қонақ үй. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтайтын қонақ үйге қарағанда қазақтың тарихы көрінетіндей болмақ. Қонақүйдің алдында тұратын батырлардың киімі, ішіндегі үстел, ыдыстарға дейін қазақтың мәдениетінен хабар беріп тұруы керек.
Әлемде кез-келген қаланың аспаннан қарағандағы түнгі көрінісі өрмекшінің торы сияқты. Мен Астананың түнгі аспаннан қарағандағы көрінісін киіз үй формасында болса деп армандаймын. Менің ойымша қазіргі формасы тек шаңыраққа келеді. Оған 15 шақырым шамасында келетіндей уық формасын беретін жолдар, кереге боп көрінетін тұрғын үйлер, есік пішімін беретін үлкен бау-бақ салынса деймін. Біз ежелден табиғатты сүйген, жер ананы қадірлеген халықпыз. Бау-бақтың ішінде барлық мәдениетіміз көрінсе деп армандаймын.
Ал Алматы қаласында Көктөбеде Алтын алма пішініндегі 10-15 қабатты бір жобам бар. Алматыға келген әрбір қонақ Алматының символы ретінде танитын үлкен ғимараттың жобасы дайын тұр.
Одан басқа, қазақтың бас ақыны Абай аулының маңынан домбыра пішінді құрылыс жұмыстарын жүргізу ойымда бар. Төменнен жоғары қарай көтерілгенде Абайдың ауылы көрінетіндей, ішінде Абайдың кітаптарынан кітапхана, Абай мұражайы барлығы бір жерге біріктірілген ғимарат салу ойымда бар.
Одан бөлек, Шымкент, мұнай қалаларына символ бола алатын ғимараттар бой көрсету керек. Бастысы қаржы жағынан жағдайы келетін бауырлар көмектессе деймін.

Сөз соңында не айтасыз?
Біз жас елміз. Осы жағдайға жете алмай отырған қаншама ұлт бар. Елімізді көркейтуге әрбір қазақ баласы өз үлесін қосса біздің алмайтын асуымыз жоқ. Шет елде жүрген барлық дәрігер, ғалым, басқа да мамандықты игерген қаны қазақ бауырлар үлес қосатын болса Қазақстан көркейе береді.

Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай