Еліміз егемендігін алғаннан бастап бірігу үшін ұлы көш басталды. Бұл Елбасының ерлігі, жүрегі «қазағым» деген батыл шешімі. Жиырма алты жылда қазақ саны 70% болып, мектептердің басым бөлігі қазақ тіліне көшіп, ауылдарда шошқа жануары жоғалып, салт-дәстүріміз, тіліміз, діліміз, дініміз қалыптасып, арақсыз той жасалуда. Бұл өндіріс өркенімен бірге жеткен ірі табыс, мол жетістік.
«Мұнан жаман күнімде де тойға барғам» дегендей, осыдан 70-80 жыл бұрын ата-бабамыз басқа ұлттарды да құшақ жая қарсы алып, жатсынбағаны әлемге аян. Ал өз қандасыңды қабыл алғанда неге жиіркене қарап, бөгде ой, бөтен санайсың, қазағым? Өгейсітпей, жылы шырай, ыстық құшақ ықыласыңмен қабыл ал!
Оралмандарды қашқынға теңеу ауыз өзіңдікі болған соң шарықтап, ақыл-ойың кеміс болайын дегеннің белгісі, өзіңнің ұлтыңды жоғалту. «Жүзге бөлінсең жүзің күйеді» дегендей, қазағыңды бөлсең денең күйіп, жер жүзінен құрисың, қазағым.
«Бір қой егіз туса бір шөптің басы айыр өседі» демей ме, Алла да беретінін береді. Тек саған ғана емес, жаратқан құлына беретін несібесі бөлек. Ол жетеді, таласпа, тарықпа, қызғанба, бөлектеме. Қызғанғаның қызыл итке жем болар. Оралманды бөтен ауылдың сиырындай бөлме. Басқа ұлттың оқыған ғалымдарын әкелсең де, өз қазағыңа жетпейді. Қазақ қазаққа жаны ашымаса, өзге ұлттың жаны ашымас. Мазаққа айналдырар. Жергілікті кейбір қазақ оралманнан орысты жақсы көреді десем артық айтқаным болмас. Тарихтың осы сәтін пайдаланып, қазақты топтастыру бүгінде ауадай қажет. Топтасу бүгінгі күнге болмаса да, болашақ ұрпақтарымыз үшін пайдалы. Қазақыланбасақ болашағымыз бұлыңғыр. Жер бетінен қазақ халқы жойылуы ықтимал. Ойлан, қазағым, ойлан!
Оралманды ата-мекенге әкелу жолдарын жеңілдетіп, оңтайландырып, үй-мүлік, малымен әкелу тиімді жолын қарастыру қажет. Үй салатын жұрт (10м2) пен жайылым жағын да мұқият ойластыру қажет. Баспана болса, басқасын өздері реттейді.
Ә. Кеденнің кедергісі
Қазақ дәнекер ретінде дән түйіншегін үзбеген халық. Араларында дорба да, жорға да жүріп келген. Бір атым насыбайдан да көңілі қалары да белгілі. Бұл ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүріміз. «Бармасаң алыстайсың, бермесең алыспайсың» деуі де осыған байланысты.
Біз бала-шағамызды ертіп, 9 адам болып ата-мекенге келгелі 26 жыл болды. Бүгінгі таңда 44 адам болып өсіп, немере-шөберелі болдық. Моңғолияға барып келгенде «АТА-АПАМ немесе БАБАМ-ӘЖЕМ маған не әкелді екен» - деп алдыңнан жамырай шығып амандасады. Солардың ниет, үмітіне азды-көпті зат, мүлік әкелу тақауырланады. Сонда бір түрлі заттан 10-20 дана алу қажет болады. Ал, Ташанта кенті бір түрлі 2 дана тауар болса, біреуін тәркілеп алады. Ал, Ташантадан басқа кеден кеңшілікте өткізеді. Ақырзаман Ташантада ғана, «шаш ал десе бас алатын» деген осы ма? Бұрындары мал етін асырмайтын еді, енді құрт пен сары майды да асырмайтын болды. Жуырда 2кг құрт алғаны үшін 500 рубльге айыптаса, жол азығына алған қуырдақ үшін айыппұл арғалағанына таңым бар. Бұл не деген сұмдық?! Қайнап піскен, даярланған ақ тағамда не кінәрат бар?!
Құрқол барып қайту салтымызда жоқ.
Осылайша Ташанта кенті тарықтырды, тексеріп жалықтырды. Өз дүние-мүлкің өзіңе бұйырмады. «Мәдениетті тонау» тәсілімен тонап алады. Айыппұл салып, бірнеше сағат жолыңнан қалдырып, өзегіңді талдырады. Бірге жүргендерге зәбірің тиеді. Азап арқалайсың. Енді қайтейік, ағайын?
Моңғолия қазақтарының момын, орыс тілін білмейтінін пайдаланып, оңай олжаға батып, тегін пайда тауып, айыппұл арқалатып, қалталарын қампитып, орыс ойына келгенін істеп тұр ма деген ойға да келесің.
«Менің елімнің дүние-мүлкі» деп Моңғолия елінің кедені кедергі келтірсе бір сәрі. Орыстың шатағы не?!
Қазақстан мен Ресей арасында еркін қатынас жасалғаны қайда? Осы тексеріс заңды ма? Меніңше, қауіпті қару-жарақ, есірткі немесе сезікті (күмәнді) адамнан сақтану міндетті емес пе? Ресей елімен талай жылғы көршілік, мәңгілік достық қатынаспен әлемге беделді Елбасымен байланысты биліктегілерден шекара тінтуіне бір шара қолданып бере ме, немесе Шығыс Қазақстан арқылы Моңғолия мен Қазақстан арасына тікелей жол ашып, Ташанта талауынан құтқара ма екен деп өтінемін.
Өкей Үрімханұлы
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Ақсеңгір ауылы