Таңғы суықтағы қырсық

/uploads/thumbnail/20170708155158226_small.jpeg

Алматының бүгінгі ауа райына қарап, желтоқсан басталып кетті ме деп қаласыз. Айтайын дегенім басқа еді... Таңертең авиакассалардың біріне соқтым. Кезекте ешкім болмағандықтан билетімді алып, сыртқа тез шықтым. Жалаңбас жүргендіктен таңғы суықтың “кайфын” ұстағым келмей, аяғымды жылдамырақ бастым. Шапшаң жүрісімді қайтейін, қырсық қылғанда машина есігі ашылмай қалды. Пультті олай бір басамын, бұлай бір басамын. Автокөлік былқ ететін емес. қанша мықшыңдасам да қазақша баяндама тыңдаған Асқар Мамин сияқты бедірейген күйінен айныған да жоқ. Қайтадан олай бір басам, бұлай бір басам. Ескі машинам елең қылатын емес. Әбігері шыққан Серік Ахметовті сыртынан бақылаған Нұрлан Нығматулин сияқты әлі безеріп тұр. Қырсық қылғанда, бағдаршам тежеген автобустың дәл қасыма тоқтағанын қайтерсің... Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Әлгі автобус ішіндегі жолаушылар дәрменсіз қалпымды рахаттана бақылап тұрғандай әсер алдым. Мүмкін, ешкім қарамаған да шығар? Әбігерленгенде бәрі “қос көрінеді” емес пе? Пультті қайта қайта басып жатырмын. Ара арасында машинаға ешқандай қатысы болмаса да курстастарымды, кластастарымды сыбап қоямын. Айдаладағы Үкіметтің адресіне де біраз балағат кетті. Пультті тағы да басамын. Жұмыс істеп тұрғанынын анық білсем де батереясын қайта қайта тексеріп қоямын. Машина былқ етпейді. Енді мемлекеттік тілде жаман сөздерді төгіп жатырмын. Бір кісінің екі тілді қатар қолдану туралы ескертпесі есімі түсіп, арасында ресми тілде де сыбап қоямын. Реакция жоқ. Енді не істеймін? Таңғы суықта басымды тоңдырып тұрам ба, осылай? Одан да машинаны осында тастап, таксилетіп үйге барайын деп шештім. Ары қарай кетіп бара жатсам, о тоба, “балағаттануға армансыз шомылған” машинам басқа жерде тұр. Сөйтсем, бағаналы бері (менікінен аумайтын) басқа машинаға “тиісіп” тұрыппын. Қаным басыма шауып жүріп, оның нөміріне де қарамағанмын ғой. Сөйтсем, бәріне өзім кінәлі екенмін. Машинамның пульті біресе істеп, біресе істемей тұрғандықтан, есігін сигнализацияға қоймай, кілтпен жауып кеткен едім. Дауысынан айрылған "Хонда" байғұс алыста тұрып, қалай белгі берсін? Басқа машинаға “қырындағанымды” көріп, іштей қызғанған да шығар? Обалы не керек, ештеңе білдірген жоқ...

Serik Abbas-SHakh Серік Аббас-Шах. (Facebook парақшасынан) “Қамшы” сілтейді

Қатысты Мақалалар