Отанның берік қалқаны 25 жыл бұрын, 1992 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Тәуелсіз мемлекеттің дербес арнайы құрылымы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды.
1991 жылы «қызыл империя» – Кеңестер Одағының қирандысында екіұштылық, қауіп пен күмәнді жағдайда біздің егемен мемлекетіміздің тарихы дүниеге келді. Нақ бүгінгі таңда, ширек ғасырдан соң, Тұңғыш Президентіміздің Тәуелсіз Қазақстан Республикасын құрудағы алғашқы және одан кейінгі жылдарға қабылдаған шешімдерінің дәлдігі мен тарихи маңыздылығын сезінудеміз. Елбасы феномені, оның стратегиялық көзқарасы, сындарлы ішкі және сыртқы саясаты қоғамды сілкіністерден, ал елімізді күйреуден сақтады. Өтпелі кезеңнің барша сын-қатерлері мен қиындықтарын еңсеруге мүмкіндік туғызды. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа мерзімде Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына кірді. Халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне, дәйекті даму, тұрақтылық пен келісімнің өнегесіне айналды.
Президенттің «Ұлттық қауіпсіздік жоқ жерде, мемлекет жоқ» деген бірегей формуласы бүгінгі күннің ұстанымына сәйкес, өзінің әмбебаптығын да көрсетуде. Нұрсұлтан Әбішұлының ерік-жігері мен стратегиялық көзқарасы бүкіл еліміз үшін де және өзінің жаңа тарихын 1992 жылғы 13 шілдеден бастаған дербес арнайы құрылым – ұлттық қауіпсіздік органдары үшін де тағдыршешті болды. Сол кезде, 25 жыл бұрын, барлығын іс жүзінде «таза парақтан» бастауға тура келді, ҰҚК жұмысын саяси және оперативті жағдайлардағы қиын әрі серпінді өзгерістер ахуалында, Қазақстанның өміріндегі маңызды мүдделеріне төнген жаңа сын-қатерлер мен қауіптер тұсында жүргізуге тура келді. Мұның барлығы ведомство басшылығынан және жеке құрамнан жағдайды жедел түсінуді, негізгі басымдықтарды дер кезінде айқындауды, стратегияны, тактиканы және жұмыс тәсілін шұғыл жетілдіруді, туындаған проблемаларды уақыт оздырмай шешуді талап етті.
Елбасының ерекше еңбекқорлығы мен ерік-жігері, айрықша харизмасы мен ғаламат интуициясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кәсіби тәжірибе мен интеллектуалдық және техникалық әлеуетті сатылап жинақтауға көмектесті. Тәуелсіздік жылдарында әрбір адамды, қоғамды және мемлекетті кез келген сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға кепілдік беретін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлдем жаңа жүйесі құрылды. КСРО бұрынғы МҚК-нің перифериялық органы синдромынан арыла, өткен тоталитарлық кезеңнің жұтаң беттерін парақтай отырып, жұмыстың қуғын-сүргін тәсілінен бас тартты және Қазақстанның жас арнайы құрылымы әлемнің күшті арнайы құрылымдарының үздік дәстүрлері мен тәжірибелерімен қаруланды. Сондықтан кеңестік арнайы құрылымдардың тарихи мұрасы мен Қазақстан ҰҚК-сінің қазіргі заманғы қызметінің арасына теңестіру белгісін қою түбірімен дұрыс емес. Ұлттық қауіпсіздік органдары тәуелсіздіктің таңсәрі шағында құрылды, елімізбен және өзінің Президентімен бірге дамыды, қалыптасты. Бұл жолда қиындықтар мен қиналыстар, сатқындықтар мен қателіктер де болды, бірақ олар бізді күшейте түсті.
Бүгінде ҰҚК – мемлекеттің ұлттық мүдделері мен өңірлік қауіпсіздіктің негіздерін сенімді түрде күзететін қазіргі заманғы, ықшам әрі тиімді арнайы қызмет. Оның тарихы – Елбасының табысты көшбасшылығының тарихы. Еліміздің басты арнайы құрылымының тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дамуы Нұрсұлтан Әбішұлының айрықша назары мен ұдайы қолдауында болды. 25 жыл ішінде ҰҚК органдары қызметінің, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі олардың рөлі мен орнының құқықтық негіздері заңмен бекітілді. Бірқатар заңнамалық және заңға қарасты актілер, оның ішінде «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Арнайы мемлекеттік органдар туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы», «Мемлекеттік шекара туралы», «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңдар қабылданды.
15 жыл бұрын Мемлекет басшысы ҰҚК-ге келіп, онда арнайы қызмет жұмысы қалай құрылуы керектігі туралы өзінің көзқарасы мен басымдықтарын белгілеп берді. Уақыт көрсеткендей, бұлар қазірдің өзінде өзекті. Елбасы: «Мүмкіндікке қарай біз сіздерді тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жоғары білікті кадрлармен жасақтадық. Біздің бәрімізге жаңа жағдайларға, жаңа түсініктерге үйренуге тура келді. Біздің бәріміз «бір шинельдің» ішінен шықтық – дәстүрлер болды, оның барлығы қажетке жарады, бірақ бұл түсініктерді өзгертуге тура келді. Комитет қызметкерлеріне оңай болған жоқ. Мен қазақстандық арнайы құрылымдар қызметін регламенттейтін құқықтық базаның құрылуына ерекше мән бердім. Ұлттық қауіпсіздік органдары басқа да құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп, заңның үстемдігін, адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды сенімді түрде қамтамасыз етті. Жаңа, тәуелсіз Қазақстан ҰҚК-сінің түбегейлі өзгешелігі осында. Бүгінде сіздер ең күрделі мемлекеттік міндеттерді шешуге тартылдыңыздар, ал қауіпсіздік органдарының алдында бұл міндеттер аз емес. Уақыт жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді алға тартуда, арнайы құрылымдар оған дер кезінде ықпал етуі тиіс», – деген болатын.
Елбасы жаңа мемлекеттілікті құра отырып, мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды құралдарының бірі ретінде арнайы құрылымның функционалдық рөлін нақты көрді және түсінді, озық халықаралық тәжірибені екшеуге көмектесті. Сондықтан да бүгінде ҰҚК оның жұмысының барлық аспектілерін жан-жақты регламенттейтін және алға қойған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік туғызатын құқықтық тұғырнамаға ие. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік бағдарламалар, олардың қатарында маңызды саналатын Терроризмге және діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. ҰҚК органдарының күш-жігері, сондай-ақ, Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында және басқа да бағдарламалық құжаттарында айтылған міндеттерді іске асыруға жұмылдырылған. Елбасының ширек ғасырлық дана әрі сарабдал саясатының нәтижесінде мүдделі күштер Қазақстан мінген қайықты шайқап, еліміздің дәйекті демократиялық және экономикалық даму бағытына кері әсер ете алған жоқ. Мемлекет басшысының стратегиясына сай ҰҚК, өзге де мемлекеттік органдармен бірге, ішкі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтауды қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінде Қазақстан мен ҰҚК органдары алғаш рет халықаралық терроризм және діни экстремизм секілді құбылыстармен бетпе-бет келді. Біз аталған топтармен күресте жолдастарымыздың өмірлерін құрбан етіп, аса ауыр сабақ алдық. Сол жолы Президент нақты тапсырма – қазақстандықтарды осы қауіп-қатерлерден қорғау туралы міндет қойды. Қысқа мерзім ішінде ҰҚК органдары дұрыс қорытындылар жасап, жағдайды бақылауларына алды. Елімізде террорлық инфрақұрылымдар құру әрекеті жүзеге асырылмай тасталса, бірқатар лаңкестіктерге дайындықтың жолы кесілді. Соңғы 10 жыл ішінде ғана ҰҚК-нің терроризмге қарсы қызметі террорлық сипаттағы 100 шақты зорлық-зомбылық акциясының алдын алды. Халықаралық террорлық ұйымдардың Қазақстанға қарай ұмтылыстары жоққа шығарылды. Күрделілігі жағынан бірегей операциялар жүзеге асырылып, «Орталық Азия моджахеттерінің жамааты», «Джунд-әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» және басқа да құрылымдар жойып жіберілді. Әріптес арнайы қызметтермен бірге ондаған терроршылар мен экстремистер іздеп табылып, экстрадицияланды.
Осы операциялардың табысты болуына 160-тан астам антитеррорлық және жедел-әскери шаралар өткізген арнайы мақсаттағы «А» қызметінің қызметкерлері үлкен үлес қосты. Олардың көпшілігі батылдық пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткендері үшін мемлекеттік наградаларға ие болса, өкінішке қарай, кейбіреулері опат болды. Қазір арнайы мақсаттағы «А» қызметі ең заманауи қару-жарақ, экипировка және техника үлгілерімен жарақтанған жоғары кәсіби бөлімше болып табылады. Оның жауынгерлері – арнайы қызметтің сүзгісінен өткен бетке ұстарлары деуіміз керек. Олар күн демей, түн демей аса күрделі әскери міндеттерді шешуге қабілетті. Мұны 2016 жылдың желтоқсан айында аталған қызметте болған кезінде Мемлекет басшысының өзі ерекше атап көрсетті. Сол жолы Елбасы «А» қызметінің жеке құрамымен әңгіме-дүкен құрып, бөлімшенің материалдық-техникалық базасымен танысқан болатын.
Президенттің өкімімен 20 жыл бұрын терроризм қатерінің өсе түсіп отырғаны ескеріле келіп, Қазақстан Республикасының ведомствоаралық Антитеррорлық орталығы (АТО) құрылған болатын. Уақыт Елбасының көрегендігі мен осы қадамның аса дұрыстығын көрсетіп берді. Бүгінде ҚР АТО шебінде терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесі құрылып, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметі үйлестіріліп отыр. Осы қатарда аталған жұмыстың құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағы да толықтай қамтамасыз етілген. АТО-ның бастамасымен терроризммен және діни экстремизммен күрестің 3 мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылса, антитеррорлық комиссия мен жедел штабтар жұмыс істейді, бірлескен оқу-жаттығулары жүргізіліп келеді. Терроризм мен экстремизмнің алдын алу шаралары күшейтіліп, мемлекеттік органдардың Бірлескен дерек банкі құрылған.
Аса ірі қоғамдық-саяси, мәдени және спорт шараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде баға жеткісіз тәжірибе жинақталды. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, ТМД және ШЫҰ саммиттері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Азиада мен Универсиада бар. Бүгінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, АТО тұрғысынан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақында Ақордада Нұрсұлтан Әбішұлы «ЭКСПО»-ның ашылу салтанатының қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз еткені үшін басқа ведомстволар қатарында ҰҚК органдарына да ризашылығын білдіруін біздің қызметкерлеріміз мақтаныш етеді. «Көптеген мемлекет басшылары мен басқа да меймандардың қатысуымен өткен «ЭКСПО-2017»-нің ашылу салтанатын қамтамасыз еткен еліміздің бүкіл полиция қызметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне және басқа да органдарға алғыс жариялағым келеді», – деді Қазақстан Президенті. Сенім кім-кімді де қанаттандырады. Бізге мына мәселе де аса маңызды – біз зор беделге ие және тиімді де шешімді іс-қимыл таныта алатын саясаткердің командасында жұмыс істейміз. Сондықтан, ҰҚК органдары тарапынан Президент пен басқа да инстанцияларды ұлттық мүддеге ықтимал қатерлер туралы тұрақты негізде ақпараттандырып отыру қамтамасыз етілді. Ел басшылығы дәйекті саяси шешімдер қабылдау үшін негіз болған маңызды мәліметтерге қол жеткізіліп келеді. Өткен 25 жыл ішінде біздің қарсы барлаушыларымыз жеткілікті деңгейде тәжірибе мен машықтарға ие болды. Мемлекеттік құпияларды қорғаудың, барлау-бүлдіру әрекеті мен Қазақстанның ішкі ісіне заңсыз араласуға қарсы тұрудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Бірқатар шпиондық әрекеттер мен жекелеген шетелдік арнайы қызметтер мен ұйымдардың мемлекеттік органдарға сыналап кіріп, құпия ақпараттарға қол жеткізу жоспарларының жолы кесілді. «Сапфир» және «Виктория» қарсы барлау операциялары аса жоғары деңгейде өткізілді. 2007 жылы АҚШ Президенті Дж.Буш: «АҚШ тарихында ядролық таратпау ісінде Қазақстаннан асқан әріптес әзірше болған емес», – деп кездейсоқ айтпаса керек.
Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік проблемаларын шешудегі өңірлік көшбасшылығы мен белсенді ұстанымы ҰҚК қызметкерлерін елімізге сырттан теріс ықпал етуге, республика бастамаларының беделін түсіруге бағытталған іс-әрекеттерге тосқауыл қоюда превентивті шаралар қабылдауға ұмтылдырады. Кез келген арнайы қызметтер секілді ҰҚК алдында да ықтимал қауіп-қатерлер мен жанжалдарды дер кезінде анықтап, теріс сценарийлердің ықтимал салдарларын ескерту мен болжау міндеті тұр.
Әлемдік экономикадағы дағдарысты құбылыстар бизнестің тоқырап, инвестициялардың қысқаруына, сөйтіп, халықтың әл-ауқатының төмендеуіне тәуекелдерді күшейте түсіп отыр. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздік органдары Мемлекет басшысы реформаларының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қолдан жасалған әкімшілік кедергілерді қоса алғанда, еліміздің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін факторларды анықтаумен де айналысады. Қазіргі таңда жұртшылыққа мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралардың барлығы ұлттың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын түсіну маңызды. Әлемдік прогресс түрлі салаға жаңа технологияларды белсенді іске қосқанның ғана ұпайы түгел болатынын көрсетіп беріп отыр. Біз жаһандық өндірістік революцияның табалдырығында тұрмыз. Сондықтан Қазақстан жаһандық үдерістердің жаңа талабына дайын болуы тиіс. Жасанды интеллекті мен автоматтандыру, биоинженерия және басқа да серпінді жобалар таяудағы 10-15 жыл ішінде экономиканың, еңбек нарқының, білім беру мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің құрылымдарын айтарлықтай өзгертетіні анық. Кейбір бағамдаулар таяудағы жылдары түрлі мамандықтар 10-нан 40%-ға дейін мүлдем жойылады, бұл жайт өз кезегінде жаппай жұмыссыздық туындатады дейді. Осы үрейлі болжам елдің экономикалық әлеуетін сенімді қорғауды, мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды қылмыстық қолсұғушылықтан арашалау бойынша нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Бұған бірқатар резонансты қылмыстық істердің ашылғанын және тек соңғы бес жыл бедерінде ҰҚК-нің Экономикалық қауіпсіздік қызметі тарапынан 2,4 трлн теңгеден астам соманы құрайтын қылмыстық әрекеттердің жолы кесіліп, мемлекетке 80 млрд-тан астам теңгенің қайтарылғанын мысал ретінде келтіруге болады.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен халықаралық есірткі саудасына айтарлықтай соққы берілді. ҰҚК жүзеге асырған ауқымды шаралар мен шетелдік әріптестермен бірлесе қолға алынған іс-қимылдар нәтижесінде 120 халықаралық есірткі саудалаушы топтар жойылып, заңсыз айналымдағы 400 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. 2013-2015 жылдар аралығында еліміздің құқық қорғау органдары ТМД-ға мүше елдердің арнайы қызметімен ынтымақтаса отырып, бір мезгілде жүргізген операция барысында «Бауырластар тобы» («Братский круг») атты трансұлттық қылмыстық ұйымның жетекшілерін бейтараптандырды. Тергеу амалдары барысында 90 қылмыстық іс қозғалып, оның қорытындысы бойынша 59 адам сотталды. Мұндай жағдай ТМД елдері тәжірибесінде алғаш рет кездесті. Қазіргі таңда біз арнайы қызметтің жұмыс тәсілі мен пішімі қарқынды түрде өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Осыған орай ҰҚК уақыт талабына сай өзгеруде. Бұл дегеніміз, заманауи ақпарат құралдары, интернет-технология, үлкен көлемдегі мәліметтерді талдау, форсайттық зерттеулер және ұзақ мерзімді болжамдар жасау, тәжірибе алмасу мен шетелдік ең үздік арнайы қызметтің жетістіктерін қолдану. Біз ұлттық мүдделерімізге залал келтіруі мүмкін түрлі қауіптер мен тәуекелдерді анықтап, олардың алдын алуға қабілетті болуымыз керек. Уақыт өмірімізге ентелей енген виртуалды әлеуметтік қатынастарға оңтайлы бейімделуді талап етуде. «Араб көктемі» және басқа да осы іспеттес жағымсыз үрдістер әлемге қас-қағым сәтте тарап, бірнеше сағаттың ішінде жағдайды тұрақсыздандырып жіберу мүмкіндігіне ие.
Сондықтан Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді», деп аталған мәселеге маңыз беруі кездейсоқтық емес. Жаһандық жаңа сын-қатерлердің ішінде біздің елімізді де айналып өтпейтін киберқылмысқа ерекше екпін түсірген Президент Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Биылғы 11 шілдеде өткен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті мәжілісі де осы тақырыпқа арналды. Елбасы әлемдегі және еліміздегі деструктивті террорлық топтар қызметінің салдары неге әкеліп соғатынына назар аудартып, оларға қарсы тиімді күрес жүргізу ісін жолға қоюды тапсырды. Атап өтерлігі, бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасы тапсырған ауқымды міндеттердің бір бөлігі ғана. Президент шекараны бекемдеу және ҰҚК Шекара қызметінің жұмысын жетілдіру мәселесіне де ерекше мән береді. Елбасы бастамасы бойынша орта мерзімді тиісті мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Онда шекараны қорғау, қадағалау мен жабдықтаудың заманауи жүйесін енгізу, әуе және теңіз техникаларын, шекара бекеті мен жасақ инфрақұрылымын, соның ішінде шекара маңындағы елді мекендерді дамытудың барлық аспектілері қамтылған. Осы бағдарламаның арқасында тек соңғы екі жылда 15 шекара бекеті пайдалануға берілді, тағы 7 заманауи кешеннің құрылысы басталды. Теңіз және шекара қызметінің авиапаркі екі жаңа кемемен, 6 ұшақпен және бір тікұшақпен толықты.
Әлбетте, шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Оның жарқын көрінісі – ҰҚК ШҚ әскери қызметшілерінің қаражатын көтеру жөніндегі Елбасының жақында шыққан шешімі. Осындай шаралар шекарашы әскерилердің өзіне деген сенімін арттырып, рух-жігер беріп қана қоймай, Шекара қызметінің имиджі мен беделін биіктететіні сөзсіз. Элиталық шекара әскерлерінің қатарында қызмет ету көптеген адамның арманына айналды. Кез келген жүйенің кәміл болуы, басталған жұмыстың сәтті аяқталуы мамандарға байланысты. Қазіргі таңда ҰҚК-нің деңгейі өсіп, беделі артқанын сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздік жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарының өзіндік дербес негіздері мен құндылықтары қалыптасты. Олар Отанымызға, халық пен Қазақстан Президентіне адал қызмет етуге кәсіби тұрғыда дайын. Бұл өз кезегінде ҰҚҚ қызметкерлерінің кәсібилігін сипаттайды әрі қабілет-қарымын көрсетеді. Біз 25 жылдық тарихымызбен, сондай-ақ, қалыптасқан дәстүрімізбен мақтанамыз. Осы арада Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деп жазғаны еске түседі.
Халықаралық қалыптасқан жағдайларға байланысты ҰҚК мекемені жаңғырту және ребрендинг жасау жұмыстарын жалғастырып келеді. Заман талабы еліміздің алдына жаңа сынақтар қойып отыр. Бұл жайт қауіпсіздік қызметінің қырағылығын, ұтқырлығын, техникамен жабдықталуын және ерекше шешім қабылдауын қажет етеді. Біз алдын ала әрекет жасауды меңгердік және бүгінде ҰҚҚ кез келген тапсырманы орындауға әзір екенін айта аламыз. Бұған бізді Қазақстан халқы мен Президентінің сенімі міндеттеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдық мерейтойына орай, барша жеке құрам мен ардагерлерді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, отбасы амандығы мен жаңа табыстар тілеймін.
Кәрім МӘСІМОВ,
Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы
«Егемен Қазақстан» газеті
Пікір қалдыру