Соңғы уақытта Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін күшейту үшін президент Назарбаев бірнеше нақты саяси шешім қабылдады. Олай деуге бірқатар өте маңызды себептер бар. Біріншісі, елімізде бір жыл бұрын ақпарат және коммуникациялар министрлігі қайта құрылды. Екіншісі, президент Нұрсұлтан Назарбаев сәуір айында өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, онда былай деді: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек». Латын әліпбиіне өтудің тек бір ғана басты мақсаты бар деп айта аламыз. Ол ақпараттық қауіпсіздікке қол жеткізу. Ол аз десеніз президенттің мақалада айтқан мына пікіріне назар аударыңыз: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз».
Үшіншіден, ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ туралы заңнамаларға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оның да негізгі мақсаты Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін күшейту. Министр Абаев осыдан екі ай бұрын, мемлекеттің басты газеті - «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында былай мәлімдеген болатын: «...Министрлік бүкіл Қазақстан бойынша мемлекеттік радиостансалардың қамту аясына талдау жасады. Сондағы таңғалдырғаны, біздің елдің біраз жерінде, әсіресе оңтүстік өңірлерде өзіміздің радиосигналдар өте нашар болып шықты. Керісінше, олар үшін Қырғыз, Өзбек, Ресей, тіпті Қытайдың радиосын тыңдауға мүмкіндік мол екен». Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi дайындаған норманың бірі сыртқы ықпалды тікелей әлсіретуге бағытталған, ол жайында Абаев мырза сұхбатында осылай деді: «Негізі мұндағы түпкі мақсатымыз – халықтың арасында «серые тарелки» деп аталып кеткен спутниктік қабылдағыштарға қажеттілікті, әсіресе, солтүстік өңірлерде азайту. Өйткені, бұл қабылдағыштар бірде бір отандық арнаны көрсетпейді. Осының салдарынан кейбір ауылдар Қазақстан жаңалықтарын мүлде көрмей келген. Бұл дегеніміз − ақпараттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп. Міне, біз осы проблеманың алдын алып жатырмыз».
Жалпы бір жыл бұрын болған еліміздің ақпараттық кеңістігі мен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Себебі, кардиналды өзгерістер орын алды деп айтуға толық негіз бар. Президент бастамасымен биыл конституциялық реформалар мен ішкі сасаттағы жылымық, жаңару мен жаңғыру процестері жүріп жатыр. Мемлекеттік институттарды өзгерту үшін саясатты өзгерту қажет. Саясат өзгеруі үшін идеологияны мазмұнды ақпараттық сүймелдеумен жүргізу керек. Мұның бәрі Абаев басшылық жасайтын ведомствоның жұмысына тікелей байланысты. Президент қалыптастырған институттар мен жалпы саяси атмосфераны реттеу либералды күн тәртібі өз нәтижесін беруде, қоғамның да сарапшылардың да берген бағасы осындай. Демек, мұны да ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жұмысына берілген баға деп қабылдауға болады.
Ішкі саясаттың либерализация процессі жүріп жатқан уақытта ақпарат және коммуникация министрлігі дайындаған заң жобасы ''журналистиканы жоюды көздейді'' деп байбалам салу әсіре сілтеушілік болмағанда не?! Президент Назарбаевтың «Барлық БАҚ өз халқының мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» деген қағидасы отандық журналистиканың ұранына айналуы қажет!
Нұрғали НҰРТАЙ
Пікір қалдыру