Дәрігер қайтыс болғанын растаған соң мәйітханаға орналастырылған Польшаның егде жастағы тұрғыны сол жерде тіріліп кеткен.
Варшавадан ВВС тілшісі хабарлағандай, таяуда Люблин воеводствасындағы Любельски аралы қаласында тұратын 91 жастағы Янина Колькевичке таңғы асын әзірлеп беру үшін Богумила есімді жиені келген. 51 жастағы Богумила тәтесінің бөлмесіне кіргенде, оның демсіз жатқанын байқайды. Тамыры соқпай, көзі мен аузы жабық жатқан. Богумила бірден дәрігер шақырып, ол кейуананың қайтыс болғанын растап, сәйкес куәлік жазып береді. ВВС тілшісінің айтуынша, қарт ананы жерлеу рәсімі екі күннен кейін өтуі керек болатын. Туған-туыстары жерлеу рәсіміне дайындалып жатқанда, қайтыс болған әйелдің денесі жергілікті мәйітханаға жеткізіледі. 11 сағат тоңазытқышта жатқан Янина Колькевичтің өлі денесі кенеттен қозғала бастайды, оны көрген мәйітхана қызметкері қатты шошып кеткен. Ажалсыз қарияның туыстары айтқандай, сол күні түн ортасында үйге қоңырау соғылады. Босағада тұрған мәйітхана қызметкері Янинаның о дүниеден қайтып келгені туралы хабар жеткізіпті. Янина Колькевич үйіне жеткізілгеннен кейін, жиені Богумиланың әңгімелеуінше, денесін кернеген суықтан мазасы кетіп, бір кесе шай сұраған екен. Пани Колькевичке өлді деген куәлік жазып берген 30 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер оның шын мәнінде қайтыс болғанына толық сенімді екенін айтып, тіріліп кеткеніне қатты таңғалып отыр. Қазір, Любельски аралының полицейлері осы оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Bnews.kz