ХХІ ғасыр дерті – әлеуметтік желі арқылы таралатын психологиялық вирустар

/uploads/thumbnail/20170718171405408_small.png

ХХІ ғасырдың дерті – селфимания, әлеуметтік желі. Расымен де, әлеуметтік желісіз өмір сүрсек қалай болар еді?

Қазіргі таңда, адамдар, олардың ішінде көптеген жастар бірнеше сағатын әлеуметтік желіде өткізеді. Сол уақытта өзіне расымен де қажетті іспен шұғылданса, оның өміріне пайдасы молырақ болатыны біраз уақыттан бері айтылып жүрген мәселе екені даусыз.

Қазіргі кезде адамдар бір-бірімен сөйлеспейді, өміріндегі қызықты жайттар туралы барлық эмоциясын білдіріп айтпайды, дастархан басында отырып отбасымен әңгіме-дүкен құрмайды. Олар суретке түседі де, әлеуметтік желіге жүктейді. Интернет арқылы әлеммен байланысқа шығады. Оның суретін кемінде 100 адам көріп, лүпіл басады. Ал бұл қаншалықты қажет?

Біреудің қай жерде қыдырып жүргені, қандай жағажайға барып демалғаны, сүйіктісінен қандай сыйлық алғаны немесе не істеп жатқандығы басқа біруге қызық емес екені анық. Адамның тек достары немесе туыстары ғана өзінің жақын адамының жаңалықтарына құлақ түріп, қызығуы мүмкін. Алайда, әлеуметтік желідегі сансыз достардың барлығы да сіздің өміріңіздегі жағымды жаңалықтарға қуанып, қиын болған кезде қолдау көрсете алады дей алмаймыз. Өзіңіздің не істеп, қандай іспен айналысып жүргеніңіз жайлы әлеуметтік желіде бөлісіп, жар сала жариялағаныңыз – көпшіліктің алдында есеп беру секілді. Алайда, бұл дерттің түбі өте тереңде жатыр және мұны доғару мүмкін емес, керісінше күннен күнге өршуде.

Осы мәселеге қатысты Qamshy.kz тілшісі әртүрлі жас шамасындағы адамдармен «Әлеуметтік желісіз өміріңізді елестете аласыз ба? Ол жерге суреттеріңізді не себепті жүктейсіз? Әлеуметтік желіде адамдардың өмірінде болып жатқан жайттарға қызыға қарап, үнемі хабар алып отырасыз ба?» деген сұрақтар төңірегінде тілдесіп көрді. 19 жастағы студент қыздың жауаптары қазіргі таңда кез келген жастың жауабымен сәйкес келді.

«Мен өмірімді әлеуметтік желісіз елестете алмаймын. Күніге ең алдымен көзімді аша сала телефоныма қарай жүгіретінім рас, ол менің бойыма әдет болып қалыптасқан секілді. Жақын адамдарымның атаулы мерекелері немесе жетістіктері болып жатса ғана құттықтап салғанды жөн көремін. Өзім естеліктерді қатты жақсы көргендіктен суреттерімді әлеуметтік желіге жүктеп қоямын, өйткені сол жерде ғана олардың жоғалмайтынына сенімдімін. Ал, өзге адамдардың өмірі жайлы айтар болсақ, қазіргі кезде өзіңнің жақын адамдарың мен достарыңның парақшаларына «подписчик» болып жазылу – міндет секілді. Ал, белгілі адамдардың ішінен тек жақсы ой, пайдалы кеңес айтатындарға ғана тіркелгенмін. Олардың жазғандары ұнайды. Ал өзге әнші немесе актриса секілді адамдардың өміріне аса қызықпаймын», - дейді Айгерім есімді студент қыз.

Ал аталмыш сұрақтар төңірегінде 30 жастағы экономист Олжас берген жауабы мүлдем басқаша болды.

«Мен жылына бір-екі рет қана суретке түсемін десем, өтірік айтқаным болмас. Өмірімде маңызды қадамдар жасап, есте қаларлықтай сәттерде ғана суретке түсемін. Әлеуметтік желілерге тіркелгенмін. Көбінде өзімнің туыстарым мен достарымның парақшаларына жазылғанмын. Сонымен қатар, әлеуметтік желіден ішім пысқанда түрлі видеолар мен суреттерді көргенді ұнатамын. Ал өзімнің суреттерімді жүктемеймін, себебі оның еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда біреудің өмірі біреуге қызық емес. Дегенмен әлеуметтік желісіз қазіргі кезде қоғамды елестету қиын секілді», - дейді экономист мырза.

Желі қолданушылары түрлі мақсатта суреттерін жүктейтіндерін айтады.  Ал, шындығына келер болсақ, кез келген адам қоғамның назарын өзіне аударып, кішкене де болсын танымалдылыққа ие болғысы келетіні рас. Әлеуметтік желі – үнемі ел назарында болудың ең оңай тәсілі.

Әлеуметтік желі арқылы әлемде болып жатқан түрлі жаңалықтарды біліп,  ақпарат алмасуға болады. Алайда, бүгінгі таңда адамдар өз істеріне есеп бере алмай, шектен шығып жатыр. Бұның бір ғана дәлелі ретінде белгілі дін саласының өкілі Мұхамеджан Тазабектің мына жазбасы: «Қазіргі таңда әлеуметтік желінің өз жезөкшелері бар. Олар өз тәндерін жалаңаштап суретке түсіріп жүктейді де, лүпіл үшін оны жарнамалайды», - деген жазбасын мысалға келтіруге болады. Бұл – рас. Әлеуметтік желі – өз-өздерін жарнамалап, тәнін көрсеткен қыз-келіншектердің отаны екендігіне ешкім де дау айта алмас. Ал бұның түбі – азғындық.

Әлеуметтік желі кез келген қоғамдық вирусты таратудың да ең оңай жолы. Мысалы, бір адам ешкімнің ақылына сыймайтын әрекет жасап, оны интернет желісіне жүктесе, оны жүз мыңдаған адамдар көреді. Оның ішінде жасы да, кәрісі де бар. Ал әр адамның ойлау жүйесі әртүрлі болғандықтан, көбінде жасөспірімдер сол іс-әрекетті қайталауға құмартады. Осылай, қоғамда жаңа дерт туындап, әлеуметтік желі арқылы таралған вирустың салдарынан көп адамдар зардап шегіп жатады.

Сонымен қатар, әлеуметтік желі – алаяқтардың шоғырланған мекені десек те артық айтпаймыз. Олардың да шырмауына біраз адам түсіп, санын соғып қалып жатқандар өте көп.

 Авторы: Назерке Лабихан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар