21 қараша. Астана қаласында әйгілі жазушы Қажықұмар Шабданұлының шығармашылығын зерделеуге арналған дөңгелек үстел өтті.
Бұралаң тағдырына қарамай, қолынан қаламын тастамаған қайсар жазушы, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш алты томдық романның авторы Қажығұмар Шабданұлының артына қалдырған бай мұраларын зерттеп, туған халқына насихаттауды мұрат тұтқан «Қажығұмар қазынасы халқына толық жеткен жоқ» атты салихалы басқосуды «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының ұйымдастырды.

Басқосуға белгілі қоғам қайраткері, ақын Несіпбек Айтұлы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы, «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Шақарбекұлы әдебиеттанушы ғалымдар мен тарихшылар, жазушының ұрпақтары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған жазушы, зерттермендер даңқты жазушының ғұмыр белестерінен сыр шертіп, жазушы шығармаларын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, алдымыздағы жылы атап өтілетін жазушының 90 жылдығын сәтті ұйымдастыру жайы да сөз болды.
Арқа төсіндегі жиналысқа Алматыдан арнайы келген Жайнар Қажығұмарқызы әкесі жайлы әсерлі әңгіме өрбітіп, жазушының бір томдық қолжазбасы әлі күнге еш жерде жарияланбағанын жеткізді.
Шара соңында «Өрнек» баспасынан шыққан Қажықұмар Шабданұлының әйгілі шығармасы «Қылмыс» романының төте жазудағы нұсқасының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты.
Оразбек САПАРХАН