Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаев 24 шілде күні Шолпан-Атада болған баспасөз мәслихатында «Сапат» (Себат) мектебінің мұғалімдеріне қатысты мәселеге тоқтала кетті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Opennewsportal.com сайтына сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білесіздер, мен «Себат» мектептерін жабуға тыйым салғандықтан, Түркия билігі бізге деген ренішін білдірген болатын. Алайда, «Себат» мектептері – өте керемет мектептер деп сеніммен айта аламын. Олардың талаптарынан кейін біз ол мектептерді қатаң бақылауға алдық. «Себат» мектептерінің 35%-ы қазір Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткен. Біз ашық түрде ол мектептерді бізге беруін өтінгенбіз. Сонымен қатар, «Себат» атауын біз «Сапат» деп ауыстырдық. Бұл мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің 90-95%-ы қырғыздар», - деп мәлімдеді ол.
«Түркия елшісінің айтуынша, Қырғызстанда жұмыс істейтін адамдардың 3,5 миллионы Гүленнің жақтастары екен. Олардың көпшілігі «Сапат» мектебінің мұғалімдері. Ал, егер, мектеп мұғалімдерін террорист деп танитындар болса, өздерінің ақыл-естерінің дұрыстығына көз жеткізу үшін олар дәрігерге барып көрінгендері дұрыс... Ол мектептердің жабылып қалуына жол бермейтіндігімізді ашық түрде жария еткім келеді. Біздің бюджетіміздің 24%-ы білім саласына жұмсалып отыр, сондықтан да біз бұл мәселені күшейтеміз және тек алға қарай жүреміз», - деп өз ойын кесіп айтты Атамбаев.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына қатысушылар Қырғыз елінің экс-мүфтиі Чубак қажы Жалилов АҚШ-қа барған кезінде сол жерде тұратын түріктің дін өкілі Фетхуллах Гүленмен кездескені жайында да Алмазбек Атамбаветан түсінік беруін сұрады.
«Жалилов қазір ешқандай да лауазымда отырған жоқ, сол себепті де ол өзінің қалаған адамымен кездесе алады. Біреу Ердоғанмен кездессін, біреу Гүленмен кездессін, маңызы жоқ, біз – еркіндікті жақтайтын мемлекетпіз. Егер, ресми өкілдердің бірі барып кездессе, сөзсіз, қандай да бір шара қолданамыз. Алайда, Жалилов ондай ресми өкіл емес, сондықтан да ол қалағанын істей алады», - деп жауап берді Қырғыз Республикасының президенті.
Дайындаған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру