Туған жеріміздің төрінде бүгінгі таңда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме адамзаттың даму тарихындағы, дүниежүзілік өркениеттің өрлеу тарихындағы маңызды оқиға. Киелі қазақ жерінде дүниежүзілік көрменің өтуі – «Алып жатқан жарты дүние әлемін, Қазақстан дейтін менің бар елім» деп ақын Қасым Аманжолов мақтаныш еткен халқымызға үлкен абырой. Орталық Азия елдерінде, ТМД кеңістігінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан жаһандық жоба Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде дүние жүзіне тағы бір рет таныта түседі. Әлемдік өркениет қазынасын толтыратын ұлттық құндылықтарды жұртшылыққа паш ететін халықаралық көрме тәуелсіз ел ретінде іргесін бекіткен Қазақстанның әлемдік саясат сахнасында қанатын кең жайып келетінін көрсетеді. Асқақтаған Астанадағы дүниежүзілік салтанатты шараның өтуіне үлкен үлес қосып жүрген еріктілердің еңбегі ерекше екені сөзсіз. Айта кетерлігі, үш ай бойы ізгі шараға атсалысатын 4500 еріктілердің арасында 900 алматылық ерікті бар. Мағжан ақын сенген бұл жалынды жастар туған еліне қызмет етуде өзгеше өнеге көрсетуде. Біз осы орайда, дүниежүзілік тарихи оқиғаны тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен келген қонақтарға әр түрлі бағыт бойынша қызмет көрсеткен алматылық еріктілермен әңгімелескен едік.
Ерасыл ҚҰМАРИОЛДАНОВ,
Еуразиялық технологиялық университеті
электроэнергетика факультетінің 2-курс студенті:
Бұл көрме әлемдегі мың сан мәдениетті Астана төрінде тоғыстырды
– Еңселі Елордамызда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақ елін күллі әлемге паш етті. Дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттермен қарым-қатынасымызды нығайтуда бұл көрменің маңызы зор. Көрмедегі әр түрлі мәдени шаралар шетелдік қонақтарды түп-тамыры тереңде жатқан ұлттық өнеріміздің қазыналарымен сусындатады. Ішкі мазмұнымен, бірегей сәулетімен көрермендерді тамсандыратын «Нұр Әлем» сферасы да, жалпы бүгінде әлемге танылған айбарлы Астанамыз да әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін лаулатады. Бұл көрме ғаламат ғаламдағы мың сан мәдениетті Астана төрінде тоғыстырды. Маған Германияның павильонындағы ақылды үй мен электркөліктері өте ұнады. Бұл табиғатты таза сақтап қалуға септігін тигізетін тиімді тәсіл екен. Сондай-ақ, энергияны қарапайым жүгеріден және әр түрлі өсімдіктерден өндіруге болатынын паш ететін Тайланд павильонын да қызыға тамашаладым. Еріктілер үнемі тәуелсіз еліміздің тарихында маңызды орын алатын жарқын оқиғалардың ортасында жүреді. Ерікті атанған азамат қызмет барысында өмірлік тәжірибе жинақтап, қоғамдағы адамдармен тіл табыса білудің әр түрлі тәсілдерін меңгереді. Сондықтан еріктілік еліміздің ертеңін жалғайтын, келешегіміздің кірпішін қалайтын жастар үшін өте маңызды өмірлік тәжірибе болып табылады.
Қымбат НҰРДӘУЛЕТ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті аударма және филология факультетінің 4-курс студенті:
Шетелдік қонақтарды еліміздің тарихымен таныстырдық
– ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме – әлемдік кеңістікке шыққан тәуелсіз қазақ елінің тарихындағы елеулі оқиға. Астана қаласындағы дүниежүзілік көрмеде Алматыдан ай сайын 300 ерікті, ал үш айда 900 ерікті келіп қызмет көрсетпек. 2015–2017жылдары «Еріктілер лигасының» жетекшісі Азиз Кажденбек пен атқарушы директор Мейрам Байгужеков кастинг өткізіп, ЭКСПО-2017 көрмесінде қызмет көрсететін еріктілерді іріктеу жұмыстарын жүргізді. Бұл әлемдік көрмеде мен маусым айында еріктілік бағытындағы тим лидер (Team leader) қызметін атқардым. Алматыда өткен Дүниежүзілік Қысқы Универсиададағы координаторлар секілді, бұл көрмеде де еріктілердің жағдайын жасайтын, олардың қызметтерін бөліп беріп, топты ұйымдастырып тұратын супервайзерлер бар. Оларға берілген белгілі бір аумақтың жартысын супервайзерлер басқарса, ал тең жартысын басқару міндеті тим лидерлерге жүктеледі. Бұл халықаралық шара барысында отандық телеарналар шетелдік қонақтардан сұхбат алған сәттерде ағылшын тілінде аударма жағынан көмек көрсеттім. Әлемдік көрмеде біз барынша шетелдік қонақтарды егемен еліміздің тағылымды тарихымен таныстыруға тырыстық. Мұхиттың арғы жағынан көрмені көруге келген меймандарды халқымыздың қанына сіңген қонақжай қасиеті ерекше таңғалдырды. Бұл жаһандық жобада ағылшын тілінен аудармашы ретінде шетелдік азаматтармен араласуым болашақ мамандығым бойынша тәжірибе жинақтауыма септігін тигізді.
Дархан ҚҰРМАНБАЕВ,
Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті қаржы факультетінің 2-курс студенті:
Еріктілік – өмір мектебі
– Бүгінгі таңда дүние жүзінің қызығушылығын тудырған ЭКСПО-2017 көрмесін көру үшін әлемнің әр түкпірінен Астанаға асыққан адамдардың саны күн сайын көбейіп келетіні біз үшін үлкен қуаныш, әрі зор мақтаныш. Күллі әлемнің назарын аударған бұл көрмеден естен кетпес ерекше әсер алған көрермендердің жадыраған жүздері жүрегіңізді жылытады. Елімізде өтіп жатқан бұл ауқымды шарада біз барынша көрермен уақытын тиімді пайдалануға көмектесуге тырыстық. Мысалы, кейбір павильондардың алдында кезекте тұрған көрерменнің қатары қалың болса, кейбірінде адам саны айтарлықтай аз болуы мүмкін. Көрмеге келген қонақтар кезекте тұрып, алтын уақытын босқа жоғалтып алмауы үшін біз оларға адам аз павильондарды тамашалауға кеңес беріп, көрермен кезегін реттеп отырдық. Халықаралық көрмеде тим лидер ретінде қызмет атқарған маған еріктілердің еңбегіне байланысты жауапкершілік жүктелді. Тим лидерлер көрмеде көрермендерге қызмет көрсететін еріктілердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қызмет етуіне барынша жағдай жасайды. Көрме барысында еріктілер белгіленген жерде ауысыммен кезектесіп қызмет көрсетеді. Бір ауысым уақыты 8 сағатқа жалғасады. Айта кетерлігі, гүлзарларда 8 сағат бойы жаздағы аптап ыстықта күннің астында тұру оңай шаруа емес. Сондықтан, гүлзарда тұрған еріктіні екі сағаттан кейін павильондарға ауыстырып отырдық. Еріктілік жолы жақсылыққа жетелеп, жастардың жүрегінде мейірімін молайтады, туған еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятады. Ойлап қарасам, Алматыдағы «Еріктілер Лигасында», 28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиадада және ЭКСПО-2017 көрмесінде еріктілер қатарында қызмет етуім, нағыз өнегелі өмір мектебі тәрізді мені өмірде көп нәрсеге үйретті.
Әйгерім БӘЗІЛЖАН,
Халықаралық бизнес университеті қаржы факультетінің
2-курс студенті:
Астанада еріктілерге барлық жағдай жасалған
– ЭКСПО-2017 көрмесінде еріктілердің қатарына қосылуыма Алматыдағы 28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиадада жинақтаған тәжірибем ықпал етті. Жастардың жаһандық жарысынан кейін еріктілікке қызығушылығым бұрынғыдан да арта түсті. Себебі, еріктілік қызметі болашақтың кірпішін қалайтын жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына, өмірлік тәжірибе жинақтауына үлкен жол ашады. Еріктілік жастардың қанатын қатайтып, оларға өз жұмысына жауапкершілікпен қарауды, адамдармен тіл табысуды, көмек көрсетуді, қиындықтармен күресуді үйретеді. Біз еріктілерге барлық жағдай жасалған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жатақханасында алматылық алты қыз болып тұрдық. ЭКСПО-2017 көрмесінде екі ауысым бойынша еңбек еттік. Бірінші ауысым таңғы сағат 9:00-дан кешкі сағат 16:00-ге дейін болса, ал екінші ауысым кешкі 16:00-ден түнгі сағат 24:00-ге дейін жалғасты. Арайлы Астана ажарымен адамды қанаттандырады әрі шабыттандырады. Айналаға ақ нұрын шашқан ару қалада уақыттың қалай өткенін көбінесе байқамай қалатынбыз. Адамдармен араласқан сайын жанымыз жадырап, айналадағы керемет көріністен көңіліміз көкке өрледі. Біз Елордамызға келген қонақтар мен шетелдік туристерді қуана қарсы алып, олардың Астана қаласындағы саяхатының қызықты өтуіне атсалыстық.
Еркін МӘЖИТОВ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті:
Жастардың көңіл көкжиегін кеңейтетін көрме
– Күллі әлем күн санап күткен осынау тарихи оқиғаның ортасында болып, оны өз көзіммен көргеніме бақыттымын. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, Астана төріндегі бұл дүркіреген думанды әрбір қазақстандық өз көзімен көрсе, көңілі қуанышқа толатын еді. Әсіресе, болашаққа қадам басқан жастар туған жер топырағында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесін көруге асыққандары абзал. Себебі, жастар – туған жердің тірегі. Бұл халықаралық көрмеде әрбір жас көңіл көкжиегін кеңейтіп, рухани қоржынын байытып, өзінің болашақ мамандығына байланысты мол маңызды ақпарат алатыны ақиқат. Білім – өмірдегі рухани қымбат қазына. Бұл әлемдік көрме жастарды білімнің биігіне ұмтылдырады, ғылым-білімге деген сүйіспеншілігін арттырады. Себебі, білім ғана адамды өмірдің биік шыңына қанат қақтырады. «Бар ізгілік тек білімнен алынар, білімменен аспанға жол салынар» деп Жүсіп Баласағұн өте әдемі айтқан! Мен бала кезімнен әлемдік ареналарда әнұранымызды әуелетіп, егемен еліміздің көк туын желбіретуді армандаймын. Жарқын болашақта мемлекетіміздің мерейін тасытуға өз үлесімді қосып, дүниежүзілік ЭКСПО көрмелерінде еліміздің абыройын асқақтататын пайдалы дүниелер ойлап тапсам деп іштей ниеттеніп, үздіксіз ізденіп жүрмін.
Дайындаған – Балнұр АХМЕТ.
Пікір қалдыру