Мысырда алты қазақстандық студенттің ұсталып, олардың тағдырына қатысты ақпараттың берілмеуіне байланысты Қазақстан Мысырға наразылық нотасын жолдады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі басшысы Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
«Мысырда алты қазақстандықтың жоғалып кеткеніне біраз уақыт болды. ҚР СІМ мәліметінше, оларды Мысырдың арнайы қызметкерлері ұстады. Алайда Мысыр тарапынан ҚР азаматтарының не себепті ұсталғанын және қазіргі уақытта қайда екені жайлы ресми ақпарат жоқ. Мысыр елінің сыртқы істер министрлігі бұған дейін ұсталған Қазақстан азаматтарына қатысты жағдайды анықтауға көмек көрсету туралы уәде бергенімен, әзірге ол орындалмады. Осыған байланысты, Мысыр елінің сыртқы істер министрлігіне ресми қарсылық нотасы жолданды. Мысырдың Қазақстандағы уақытша сенімді уәкіліне де осындай нота тапсырылды. Біз Мысыр билігінен Қазақстан азаматтарының ұсталу себебін түсіндіруді және олармен жолықтыруды талап ете береміз"- деді Ануар Жайнақов.
Еске сала кетейік, 24 шілдеде Абылайхан атындағы университеттің екі студенті Мысыр елінде жоғалып кеткен еді. Кейін студенттерді Мысырдың құқық қорғау органдары ұстап әкеткені белгілі болды. Бірақ не себепті ұсталғандары туралы ақпарат жоқ.
Пікір қалдыру