Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болдық.
EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынды. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. Астанада EXPO өткізуге арналған тақырып кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Жерінде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес. Өйткені, шикізат көзіне айналып отырған еліміз оның түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеді. Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі болып табылады. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.
«Болашақ энергиясы» тақырыбына ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстан елордасында 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі арасында өтеді. Көрмеге бүкіл әлемнен 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде.
Орасан зор оқиғаға 100-ден астам ел, 10 халықаралық ұйым мен инновациялық технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялар қатысады. Көрме шеңберінде бүгінгі күнгі өзекті энергияның баламалы көздері мен «жасыл технологиялар» сұрағындағы аса жаңа шешімдерді көрсету күтіледі.
«Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 көрмесі тұрақты энергия көздерін дамытуға, энергия үнемдеу сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеуге бейімделген. Оның мақсаты – жаңармалы энергия көздерін пайдалануды және энергетикалық ресурстарды тиімді тұтынуды ынталандыру.
Бүгінгі күні бізге қол жетімді энергоресурстар адамзаттың ажыратылмас мұрасы болып табылады, оны жауапты және ұтымды пайдалану қажет. Бұл жаһандық іс-шараның міндеті – энергия тұтынуды жоспарлау мен бақылау, сондай-ақ болашақ ұрпақтардың өмірі үшін қажетті тұрақты энергия көздері мен біздің ғаламшарымыздағы бүкіл жандыны сақтап қалу үшін халықаралық қоғамастықты жауапкершілік сезіміне шақыру.
Мемлекет басшысы еліміздің «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудегі мақсаты Қазақстанның табыстарын әйгілеуді, әлемдік қоғамдастыққа оның мүмкіндіктерін паш етуді көздейтінін атап өтті. – Біздің республикамызды көптеген аспектілер бойынша – ірі энергетикалық мемлекет, уран кенін өндіретін жетекші ел, астық экспорттаушы, бай табиғи ресурстарға ие мемлекет ретінде біледі. Енді болашаққа ұмтылған жаңа елді көрсету қажет. Ұлттық павильон тұжырымдамасының өзі де Қазақстан жеткен жетістігімен тоқталып қалмайтынын, әрдайым әрі қарай ілгерілеуді мақсат тұтатынын көрсетеді, - деді Елбасымыз. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жоба Астананың беделін бұдан да нығайтуға септігін тигізетініне назар аударды. – Көрме елордамызды мүлде өзге қырынан көрсетеді, оны кеңейте және көркейте түседі. Бүгінгі таңда Астанада маңызды нысандар аз салынған жоқ. Алайда, ЭКСПО кешені – мүлде басқа сападағы, XXI ғасыр талаптарына толықтай сай келетін технологиялар қолданылатын жоба. Елорда тұрғындары мен меймандары үшін энергетика саласындағы болашақпен қауышудың, ғылыми жетістіктерді көрудің және бой көтерген нысандардың көркін тамашалаудың тамаша мүмкіндігі туады, - деді Мемлекет басшысы.
Астана ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға, біздің халқымыздың қонақжайлылығын көрсетуге бағытталған. Көрме өткізу, сонымен қатар елорданың, тұтастай еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша стимул болады. ЭКСПО өткізу орнында салынатын объектілер болашақта Қазақстан мен оның елордасын ірі халықаралық, көрмелік және ақпараттық- презентациялық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қорыта келгенде, күннен күнге дамып жатқан заманауи технологияларды тиімді пайдалану үкіметтік деңгейде қолға алынса, біздің дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігімізді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік туар еді. Сонда біз қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай, көптеген жұмыс орнын құрып, сатып алу қабілеттілігін арттыра аламыз. Сондықтан да біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін EXPO-2017 көрмесін өткізудің маңызы өте зор.Бұл шараны кемшіліксіз, өз деңгейінде өткізу үшін көп күш - жігер жұмсауымыз керек. Ерең еңбектің, жалынды жігердің, темірдей тәртіптің, аса зор ақылдың арқасында иықтағы бұл жүкті де артқа тастаймыз деген үміттеміз. Қазақстан – Болашақтың Энергиясы!
Пікір қалдыру