Алдымен махаббат уақытты өлтіреді, содан соң уақыт махаббатты өлтіреді. Бүгінде қызмет құрығына түсіп, яки «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деп «отырған қыз» аталымына ие қара көздеріміздің саны күн санап артуда. Салдарынан кәрі қыздардың саны 350 мың-ға жетті деген көрсеткішті көріп, қолымызға қалам ұстаған жайымыз бар. Сондағы сәті түссе кербездік көрсеткісі келмейтін аруларымыздың кінәсі не?
Қыз бала бойжете өзінің орнын басқа үйден іздейді. Құдай қыз табиғатын солай жаратқан. Әкесі барын беріп, басына алтын құйып бақса да, қыз өзін туған үйінде уақытша адам санайды. Жігітке өзгенің босағасын пана тұту – намыс болса, қыз үшін– бақыт. Әйтсе де қыз біткеннің бәрі тұрмыс құрып, аяулы жар атанып, ана бақытын сезіне бермейді. «Жасым 35-те, үйдің үлкенімін»,-деп бастады әңгімесін Айсұлу. «Әкесіз өскен соң бар ауыртпалықты анам жалғыз еңсерді. Бала күнімнен қиындықты көріп өскендіктен шығар, ерте есеюді көп армандадым. Соңыма ерген бауырларыма көмектесу міндетім деп ұқтым. Сондықтан болар достарыммен қыдыру, сауық кеші дегенді білмей, мектеп бітірдім. Одан соң, университетке оқуға түстім. Кейбір құрбыларым секілді тұрмыс құру туралы ойламақ түгілі, жігітке бола бас та ауыртпадым. Керісінше, оқуымды үздік тәмәмдап, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Үй-ішіне қолымнан келгенше көмектесіп, бауырларымды аяғынан тұрғыздым. Әйтеуір, күйкі тірлік біте ме, осылайша өмірдің ағынымен жүре беріп, уақыттың қалай зымырап өткенін білмей қалдым»,-деп өмірінен сыр шертті. Ары қарай сөзін жалғастырған Айсұлу: «Қазір менде көлік те бар, үй де бар, жақсы жалақы төлейтін жұмыс та бар. Материалдық жағдайымды толыққанды жасап алдым. Бірақ әлі тұрмыс құрмадым. Шыққым келмегендіктен емес, тек «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деп жүрген жанмын. "Ауырғанда жаныңнан табылып, шаршағанда басыңды сүйер бір шын жанашырым болғанын қалаймын",– деп қара шаңырақтың аяулы анасы болуды армандайтынын жеткізген еді. Өзін кәрі қыз санауға қысылатын Гүлжан: «Ешқашан кәрі қыз атанамын деп ойлағаным жоқ. Ел қатарлы сүйгенімді тауып, жанұя құратыныма сенімді болдым. Мектепті жақсы бітіріп, ЖОО-на қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша оқуға түстім. Диплом алған соң қаладағы бір мектепке мұғалім болып орналастым. Сөйтіп жүргенде құрбыларымның алды тұрмыс құра бастады. Бірақ мен оған назар аудара қоймадым. Маған арналған бір жан бар шығар деп жүре бердім. Осылайша жасымның 30-дан асып кеткенін аңғармай қалыппын. Шындығында сөз салған жігіттер болмады емес, болды. Дегенмен бірінің мінезі, бірінің түрі, бірінің ой-өрісі ұнамады. Немесе өзім ұнатқан жігіт басқа біреуді сүйді. Сөйтіп жүргенде осы жасқа келіп, кәрі қыз атанып кете бардым. "Егер екінші рет өмір сүру бақыты бұйырса, жиырма жасымда біреудің етегінен ұстар едім...",– деп өмірлік тәжірбиесімен бөліскен еді. Ал, 33 жасында тұрмысқа шыққан Дана: «Мен күйеуімнен 5жас кішімін. Оның бірінші әйелінен бір баласы бар. Алғашында «Осыншама жыл жүріп, тапқан теңі осы ма?» деген қаңқу сөздерді де естіп жүрдім. Бірақ күйеуім: «Онда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, екеуміздің бір-бірімізді жақсы көретініміз. Басқалардың пікірі маңызды емес» деп мені әрдайым қолдап отырды. Мен де солай қанша ойлағым келсе де, елдің бізді талқылаған пікіріне бірден үйренісіп кете алмадым. Бірақ, оны шынымен жақсы көргендіктен, мен де бәрін басынан бастауды ұйғардым. Бүгінде екі ұлдың анасымын. "Кеш тұрмысқа шыққаныммен, өз бақытымды тапқаныма қуанамын",-деп өз ойын ортаға салды. Психологтардың айтуынша, жасы жетіп, тұрмыс құрмаған қыздарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Солардың бір тобы алдын ала іштей өзін «кәрі қыз» болдым деп есептеп қояды да, солай қабылдап, сол шеңберден шыға алмай қалады. Енді бір топтың өкілдері керісінше, өзі туралы жоғары ойлайды, олар жігіттің кемшілігін көріп қалса, менсінбей, теріс айналып кетеді. Ал, дерек көздеріне сүйенсек, кәрi қыздардың орташа жасы – 40 жас болып есептелсе, 40-44 жасқа келген әрбiр 1000 кәрi қыздың бар болғаны жүз елуге жуығы ғана балалы бола алады екен. Ақ сүт беріп өсірген қызының оң жақта отырып қалғаны анаға да ауыр. Бір қарағанда аялап өсірген ақылды, көрікті, тәрбиелі қызы теңін тез табатындай көрінеді. Әйтсе де, өмір – бар керегіңді тауып алатын жәр-меңке емес екені анық. Осы орайда, тұрмыс құрмаған «кәрі қыздардың» бірі жігіт жоқ деп ақталса, бірі ақбоз ат мінген ханзадасын күтіп жүргендерін айтады. Қазақта «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан әрбір қыз бесік тербетіп, ана атану құрметіне ие болса дейміз.
Ақбота Ерболқызы(arhar.kz)