Алматы әкімдігі мүгедектерді жаңа сапалы орындықтармен қамтамасыз етті

/uploads/thumbnail/20170803100911110_small.jpg

Алматыда қала әкімдігі жанындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында халықтың ұтқыр топтарының әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына бейімделу мәселесі, инклюзивті білім берудің проблемасы талқыланды.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова егер 2016 жылы әлеуметтік қолдауға мүмкіндігі шектеулі 13 мың адам қамтылып, оларға 2,1 млрд. теңгенің көмегі көрсетілсе, биылғы 2017 жылы 22 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қолдау көрсету үшін 4,1 млрд. теңгенің бөлінгенін айтып өтті.

«Өткен жылы артығымен бөлінген қаржының арқасында алғаш рет қосымша жоғары сапалы техникалық бұйымдар сатып алынып, мүгедектерге көрсетілген әлеуметтік көмектің аясы ұлғайды. 2017 жылы 836 мүмкіндігі шектеулі адам үшін Германия мен Польшадан құны 200 миллион теңгеден асатын 958 орындық-арба сатып алынды. Құны 593 млн. теңге болатын 2543 заманауи сурдо-тифлотехникалық бұйым сатып алынып, 2 мыңнан астам адамға таратылды. Сонымен қатар бағдарламалармен және дауыс синтезімен жабдықталған ноутбуктер, оқу машиналары да алынды. 2012 жылдан бері кезекте тұрған мүгедектердің барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтылады», - деді Айгүл Ахметова.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні Алматыда ерекше күтімді қажет ететін 36 бала бес мектепте білім алса, 17 балдырған үш балабақшада тәрбиленуде, 276 студент үш оқу орнында дәріс алуда. 36 мектепте мыңнан астам баланы қамтыған коррекциялық - даму сыныптары бар, психологиялық- педагогикалық коррекцияның 7 кабинет жұмыс істейді, бұларда 877 балаға көмек көрсетілді, 5588 балдырған психологиялық-медициналық консультацияда тексеруден өтті.

Биыл мамырда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті кәсіби білімнің ресурстық орталығы ашылды. Мұнда жыл аяғына дейін 500 мүгедек білім алып шығатын болды.

Қала әкімі бөлінген қаржының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Өмір бір - ақ рет беріледі, тек уәде берумен ғана шектелмей, мәселені бірден қолға алып, бірден шешу қажет», - деді Б.Байбек.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар