Алматыда балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық «Менің қалам- Алматы» туристік экспедициясы өтеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Алматау» туристік базасы аумағында 2017 жылдың 25 шілдесінен 6 тамыз аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Менің Отаным - Қазақстан» республикалық экспедициясы аясында Алматы қаласының Туризм және сыртқы байланыс басқармасы Спорттық туризм және туристік көпсайыс федерациясымен бірге балалар мен жасөспірімдердің «Менің қалам - Алматы» халықаралық» туристік экспедициясын өткізеді.
«Шараның мақсаты - туристік қызметті жандандыру, оқушылар мен колледждер, жоғары оқу орындары студенттерінің арасында спорт пен салауатты өмір салтының негізі ретінде туризмді кеңінен насихаттау», делінген хабарламада.
Экспедиция шараға қатысушы командалар арасында туристік жорықтар дәрежесі негізінде өтеді.
Экспедиция бағдарламасында тау бөктерлеріндегі жарыстар, турнирлер мен өлке тану шаралары қарастырылған. Биыл экспедицияның базалық лагері Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы «Алматау» туристік базасы.
Экспедицияға қатысуға мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, қосымша білім жүйесінің, спорт мектептерінің Қазақстанның түрлі өңірлерінің қоғамдық туристік бірлестіктерінің және ТМД елдері мен шетелдік туристік ұйымдардың өкілдері шақырылған. Бұлардың барлығы дәрігерлік бақылаудан өткендер және туристік тәжірибе жинақтағандар.
Қатысушы командаларға тиісті сертификаттар, жеңімпаздарға дипломдар мен грамоталар табысталады. Экспедициялық жорықты ойдағыдай жүзеге асырғандар да марапатталады.
Туристік шара «Алматау» туристік базасында 26 шілдеде сағат 18.00-де ашылады. Салтанатты жабылуы 6 тамызда өтеді.
Пікір қалдыру