Жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шерхан Мұртаза өз өмірін қазақ әдебиетіне, қазақ басылымына арнаған. Өнегеге толы ғұмырында Шерхан Мұртазаның талай құнды жазбалары, кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналистерді тәрбиелеп шықты. Бұған белгілі журналист Талғат Сүйінбайдың «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған әңгімесі дәлел. Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. Бүгінде Шерағаның тәрбиесінен нәр алған шәкірттері ұстаздарына жиі барып, сыр шертісіп қайтады. Бұл жолы да сол үрдіс қайталанды:
Аяулы абыз аға – Шерхан Мұртаза Алматыда тұрады. Оқта-текте ол кісінің отауына бас сұғып, хал-жағдайын сұрап, ізет етіп қайту – «Егеменнің» осындағы тілшілер қосыны қызметкерлерінің әуелгі айнымас әдеті!..
Аздап сырқаттанып, оңалған қаламгер ағамызға Астанада «Егемен Қазақстан» сериясынан шыққан өзінің «Намыс найзағайы» кітабының бумасын көтеріп, құстай ұшып «Самалдағы» үйіне жеттік. Амандық-саулықтан соң, бумадан бір тал кітапты үзіп алып, қолына ұстаттық. Бәріміз сілтідей тынып, бақылап тұрмыз. Көк кітапты қолына алған қарт қаламгер, сыртқы мұқабасын бір шолып, ішін ашты, парақтап көрді. Сөйтті де ашылған параққа бетін басып тұрып, екі рет сүйді. Содан соң кітапты үстелдің үстіне қойып, «Рахмет!» деп қарлығыңқы дауыспен қысқа қайырды. Оң қолын баяу көтеріп «Отырыңдар!» деген ишара жасады. Манадан бері абзал ағаның әр қимылын жіті бақылап, демімізді алмай, қимылсыз тұрған баршамыз сол-ақ екен еркінсіп сала бердік.
Шерағаң қазір сөзге сараң. Оны біз жақсы білеміз. Дастарқан жайып жүрген жазушының қызы Алма «Ол кісі қазір көп тыңдайды, әңгімелеріңізді таусылғанша айта беріңіздер, содан жаны рахаттанып қалады», – деп те қойды.
Алғашқы әңгімені «Алматы ақшамының» бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты, «Егеменнің» экс-тілшісі, жазушы Қали Сәрсенбай бастады.
– Тоқсаныншы жылдары Шераға өзіңіз мені аттай қалап, қызметке алған едіңіз, секретариатқа... үш айдан соң әдебиет бөлімін ауыстырам дедіңіз. Қалта дәптерлеріңізге жазып қоясыздар ма, әйтеуір, дәл үш ай болғанда бір-ақ күнде бөлімге ауыстым... Есіңізде ме Шераға?!
– Шерағаңның арқасында «Ақсайдан» 4 бөлмелі пәтер алдық. Батасын беріп, тұсауын өзі кесті. Сол шаңырақтан өсіп-өндік. Ұжым болып дүрілдетіп өткізген пәтер-тойы есіңізде ме, Шераға?
Бұл – Қалекеңнің жұбайы, сол кездегі «Егеменнің» талғамы зор, қаламы жүйрік ерке қыздарының бірі
–Таңсұлу ханым. Шераға бас изеді. Қали мен Таңсұлу бес жасар немересі Шерханды өздерімен бірге әдейі ертіп келген екен. Дана Шерхан мойнына асылып еркелеген бала Шерханның маңдайынан сүйіп, бетін сипап күбірлеп сөйлеп, батасын берді.
– Мінезі де Шерағамның мінезіне ұқсас. Содан да болар «аумаған Шерағамыз ғой, Шерағамыз...» деп әрдайым еркелетіп отырамыз, – деді Қалекең жымиып.
«Егеменнің» есігін 17 жасында ашып, 100 жылға жуық ғұмыры бар қасиетті қара шаңыраққа тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан «Егеменнің» Алматының тілшілер қосынының шолушысы, қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызы: – Шерағам менің газеттегі өмірімді түбегейлі өзгертті. Ол кездегі ерекше бағаланатын стенаграфистік қызметтен тілшілікке ауыстырып, қызыл шапан жауып, болашағыма үміт артып, батасын берген еді! – деді.
Әрдайым әзілі басым, күлкісі күміс Гүлзейнеп әңгіменің тиегін ағытты! Жұрт мәз-майрам болды да қалды! Бұл күндері айтуға ғана оңай! Ол тұста Шерағаңының редакторлық сеніміне кіру журналистер арасында екінің біріне бұйырмаған іс. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ел газеті «Егемен Қазақстанда» намыс найзағайын ойнатқан қаһарман қаламгер-редактор қаншама жас толқынның томағасын сыпырып, қырандайын көкке самғатты! Шерағамның шаңырағындағы бүгінгі отырыста ол жайында өте көп айтылды. Редакция өмірінен небір естен кетпес қызықты оқиғалар еске алынды.
Осы жолдардың авторы да қарап тұрмай «Сіздердің барлықтарыңызды Шерағам жұмысқа алған екен, ал, Шерағам мені жұмыстан кетпе, «Егеменде» қал деп өтініш айтып еді... Есіңізде ме, Шераға?» дегенде қаламгердің жүзіне күлкі белгісі себезгілегендей болды. Бас изеді.
Қазақстан Парламенті кезекті бір тараған жылы Шерағам «Егемен Қазақстан» редакциясына сол кездегі бас редактор Уәлихан Қалижанға бас кеңесші болып қызметке оралды. Қызық кезең! Барша жұрт Шерағаң бейне «Егеменіне» қайта оралғандай әсерде жүрді. 1998 жыл. Басқа қызметке ауысып бара жатқанымды естіген екен, дәлізде жолығып қалып: «Сені «Егеменнен» кім қуып жатыр, а... қайда барасың, неге қалмайсың?» дегені бар еді. Шіркін, Шерағаң! Ештеңені қалт жібермеген қағылездігін айтсаңызшы! Шерағаң секілді құдіреттен мұндай сөз естимін деп ойлаппын ба, сасып қалдым. «Ешкім де... Шераға, америкалық журналистермен қызмет істеп көрсем деп...» дедім кібіртіктеп. «Америкалықтар дейсің бе... Оның жөн екен!», – деді. Біздің әңгімемізді иіп тыңдап, ара-тұра бас изеп, сөйлемесе де жайдары отырған асыл ағамыздың осынау бір қылығына сүйсінуден басқа амалымыз қалмады.
Өңінен байқағанымыз – өзінің «Егеменінің» жауынгерлерінің қилы қызықтарын есіне алып бір жасап, әбден рахаттанған секілді. Тағы бір рет «рахмет» дегенде, біз тұруға оңтайландық. «Егемен Қазақстан» редакциясының қаламгердің 85 жылдық туған күніне орай Алматыда ардагер журналистер арасында бильярдтан турнир өткізетіндігі туралы құлағдар еттік. Шерағамның оң қабағы көтеріліп, қасы керіліп, басылды. Бильярд спортының хас шебері жастық шағының бір сәтін еске алған шығар, бәлкім...
...Бәріміз құшақтасып қоштастық.
Шерағаң таңертең Жуалыға жүреді. Елге барып, ағайынды аралап, саумал ішіп, киікоты мен жусанның иісін жұтып оралмақ Алматысына!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Пікір қалдыру