Психологиялық күйзеліс онкологиялық дертке бастайды

/uploads/thumbnail/20170809163923303_small.jpg

Бүгінгі таңда медицина саласы қарыштап дамып келеді. Әлемде түрлі заманауи  медициналық құрылғылар шығарылып, адамзат баласы техниканың арқасында күрделі ота жасатып, өмір сүруде. Алайда, кейбір сырқаттың нақты емі әлі күнге дейін табылмай отыр. Соның бірі — қатерлі ісік.

Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың мәліметінше,  сүт безі обырын алдын ала анықтауға арналған скринингтен 50-60 жас аралығындағы әйелдердің 78,2%-ы, асқазан-өңеш обыры бойынша 50-60 жас аралығындағы тұрғындардың 86,6%–ы, тоқ және тік ішек обыры бойынша 50-70 жас аралығындағы тұрғындардың 79,8%-ы, төрт жыл сайын өтетін қуықасты безі обыры бойынша 50-66 жас аралығындағы ер адамдардың 99,2%-ы, ал бес жылда бір өтетін жатыр мойыны обыры бойынша 30-60 жас аралығындағы әйелдердің 76%-ы  тексерілген.

– Бүгінгі күні онкологиялық сырқаттар тек денсаулық сақтау саласының емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік және экономикалық мәселесіне айналып отыр. Батыс Қазақстан облысында жыл сайын 1200-1300 тұрғын қатерлі ісік дертіне шалдығады. Қатерлі ісіктің қауіптілігі алғашқы бірінші, екінші сатыларында ауырып мазаламайды, ал қасындағы басқа ағза мүшелеріне зақым келтіріп, дерт асқынғанда ғана білінеді. Онкологиялық аурудың алғашқы сатысында анықтау үшін тексерістен жиі өтіп тұру керек.  Қазақстанда онкологиялық аурулардың бірінші орнында сүт безі қатерлі ісігі тұр. Одан кейін өкпе, жатыр және асқазан қатерлі ісігі алып отыр. Қатерлі ісікті скрининг арқылы  алғашқы сатысында анықтау оң нәтиже береді. Ауруды кеш анықтау дерттің асқынуына алып келеді. Қатерлі ісік көлемі кішкентай болса, оның емдеу жолы да жеңіл болады. Обырды кешенді түрде, атап айтқанда, хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану мен химиялық терапия, сондай-ақ иммунотерапия арқылы емдейді. Онкологиялық дертке шалдығудың  нақты себебі болмағанымен, бірнеше факторлар әсер етеді. Алғашқы фактор – психологиялық  күйзеліс.  Ұзақ мерзімді уайым мен күйзелістің әсерінен адам ағзасындағы иммундық жүйе әлсіреп, созылмалы дерт асқынады. Мысалы, әйел адамдарда жатыр мойнының эрозиясы не жатырда папилома вирусы жиі кездеседі. Мұндай кезде кейбіреуі емделсе, көбі мән бермей жүре береді. Содан асқынулар жалғасып, онкологиялық диагноз қойылады.  Сонымен қоса жаман ауруға қоршаған ортаның да әсері зор. Өмір бойы мұнай-газ саласында не тұратын мекенінің атмосферасында улы токсиндер көп болса, адам ағзасындағы созылмалы дерт қозады. Шылым шегу де, ішімдік ішу де онкологиялық дертке апаратын факторлардың бірі, – деді облыстық онкологиялық диспансердің емдеу бөлімі бойынша директордың орынбасары Нұрлан Төлемісов.

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар