Байкен Әшімовтің туғанына 100 жыл

/uploads/thumbnail/20170811092908911_small.jpg

10 тамыз қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ұйымдастырушы-басқарушының, бұрынғы Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Социалистік еңбек ері Байкен Әшімовтің туғанына 100 жыл, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Оның өмірге келген уақыты еліміз ең күрделі жағдайларды бастан өткеріп жатқан кез - 1917 жылмен тұспа-тұс келеді.

Туғанына алты ай толар-толмастан аяқ астынан оның әкесі Әшім ауырып, қайтыс болған. Біраз уақыт өткен соң, туыстары анасын әмеңгерлік салты бойынша әкесінің інісіне тұрмысқа береді. Қабдолла ағатайы Бәйекен ағамыздың нағыз тірегі, қолдаушысы, әрі өмірлік тәлімгері бола білген.

Ата-анасының  айтуы бойынша, он бес жасында, 1932 жылы, тұңғыш рет туған үйінен жыраққа аттанады. Ауыл мен Көкшетаудың аралығы 150 шақырым. Жаяулатып бірнеше күн жүріп, ақыры қалаға жетеді. Бұл жайлы ағамыз: «Кім біледі, олардың шешімі болмаса, менің тағдырым қалай қалыптасар еді, менің тірі жүруім мүмкін бе еді...» деген.

Қазақ үшін туыстық қатынастар – қасиетті сезім. Көкшетауда жамағайын ағайындары табылып,  жас Бәйекен ағамызға Петропавл қаласына баруға, теміржол ФЗО мектебіне орналасуға көмектеседі. Онда оқушыларға күніне 800 грамм нан мен бір рет ыстық тамақ берілген. Ауылда көрген ашаршылықтан кейін фабрика-зауыттық училище оған нағыз пейіштің жұмағындай көрінеді.

Тек бір қиындық - ол орыс тілін білмеген. Мүлдем білмеген. Бірақ орыс балалармен араласып жүріп, ақыры, үйренген. Бірте-бірте оқу мен жазуды да үйренді...

Оқуын аяқтап, паровоз жөндеуші слесарь мамандығын алса да, темір жолда жұмыс істемеген. Өз ісінің нағыз шебері болғысы келетін үміті оны ауыл шаруашылығы техникумы бар Покровкаға жетелеген. Онда екі жыл оқыған соң, 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Киев Ерекше әскери округінде әскери қызметін атқарады. Ал 1939 жылы гитлерлік Германия Екінші дүниежүзілік соғысты Польшаға шабуылынан бастағанда Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны босату бойынша операцияларға қатысқан.

Елге оралып, Айыртау ауданында әскери дайындықтан сабақ беріп жүрген кезінде сүйген жары ғана емес, досы, сенімді серігі бола білген Бақыт апайымызды кездестіреді. Жаңа танысып, сезімдерін білдіре бастаған кезде 1942 жылдың 9 шілдесінде Байкен Әшімовты Қызыл әскер қатарына қосылуға шақырту келеді. Прага бекінісіндегі ұрыста жүріп қатты жараланған ағамыз он ай бойы госпитальда жатқан.

Өзінің еңбек жолын Саумалкөлде бастаған Байкен ағамыз Қарағандыға қызмет бабымен ауысып, сол жерде жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевпен танысады. Зейнеткерлікке шыққан шағында елімізде болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап, қалам тербеген сәттері де болған.

Қазақстан тәуелсіздік алып, өз президентін сайлағанда, Әшімов Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің экономикасын, тұрақтылық және ұлтаралық келісімнің, қазақстандық қоғамды нығайтуға деген талпынысын сөзсіз қолдады. Сонымен қатар астананы Алматыдан көшіруді қолдап, президентімізге бата-тілегін береді.

Қазақстанның жарқын болашағына сенген және өмірінің соңғы күндеріне дейін елдің амандығын тілеумен болған Байкен Әшімовтың тілегі қабыл болғанына сенімдіміз.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар