Шекарашылар ескертуін елемей, оларға қарсы тас атып, шекарадан заңсыз жылқы өткізбек болған Жамбыл облысының тұрғындары анықталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры эксклюзивті сұхбатында айтты. Заңсыз әрекетке жол бергендердің барлығы тергеліп жатыр. Дархан Ділмановтың айтуынша, олар Қырғызстаннан келген контрабандалық жүкті, яғни жылқыны шекарадан заңсыз өткізбек болып, қоршауларды бұзған деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Дархан Ділманов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры:
"Заңбұзушылыққа қатысқан барлық тұлғаларға қатысты және шекара қызметіндегі инженерлік-техникалық нысанға нұқсан келтірген барлық тұлғалардың әрекеті анықталып, қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жуық арада барлық нәтижелер белгілі болады".
Еске салайық, өткен жексенбіде Жамбылдағы қазақ-қырғыз шекарасында оқ атылып, адам өлді. Шекара қоршауларын бұзбақ болған 20 шақты адамды шекарашылар тоқтатпақ болады. Алайда олар сақшыларға тас атып, жарақаттайды. Заңсыздықты тоқтату үшін шекара қызметкері оқ атып, бір адам ажал құшады. Қазір екі тарапқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Шекарашының қару қолдану әрекетінің заңдылығы да тексерілмек.