Қырғызстандық саудагер: «Қазақстаннан келіп киім алу тиімсіз»

/uploads/thumbnail/20170821120135503_small.jpg

Араға 12 жыл салып Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы Қордайға ат басын бұрдым. Бала күнімде Қордайдағы дүкендердің біріне барып,  орысша білетін бір-екі ғана сөзімді айтқаным есімде. Бүгінде сол 6 жастағы балдырған бой жетіп, әпкесін ұзатуға барды. Көліктен түсе салып, бағдаршам іздеп тұрсам мені күтіп алып жатқан ағаларым «Көшені кесіп өте бер, бізде айыппұл салмайды» деген соң, жол ережесін бұзудан бастадым сапарымды. Үйге кіріп, көптен көрмеген ағайын, туыспен жүздесіп, жағдай сұрасқан соң, қазақы салт бойынша құда күтуге дайындық жасап жатқандарға көмек қолын создым. Қыз баласы болған соң, бостан-бос отыра алмайтының анық. Аз-маз тірліктен бастап, өткенді әңгіме етіп отырдық. Кенеттен ағам: «Біз кеттік таможняға» дегенін естіп, «мен ше?» – деп жанарымды мөлдіретіп, үзіле қарап тұр едім. Ағам: «Сен де жүр», – деді. Қырғызстанның шекарасына барып келетінім емес, ағаларымның менің есейгенімді көріп, жандарына ертіп алғандарына қуандым.

Көлікпен кеденге дейін бардық. Қырғызстанда Қазақстанның көліктерін жол бойы тоқтатып, құжатың түгел болса да, бір кемшілігін тауып, ақша алуға құмартып тұрады деген соң көлікті тұраққа қоюды жөн көрдік. Тұрақ бағасы – 300 теңге. Қымбат екен дедік. Сонда да көлікті қалдыру керек.  Артынша шекарадан өтпек болған адамдардың ұзын сонар кезекті біз де толықтырдық. Бірнеше адам құжаттарды тексеріп жатқаннан болар, кезекте 10-15 минут уақыт қана тұрдық. Бір қызығы Қырғызстанға өту үшін жеке куәлігің болса жеткілікті. Құжатыңды тексеріп отырғандар жеке куәлікті алады, нөмеріңді компьютерге тереді. Әр адамға 1-1,5 минуттан кетеді. Одан өтіп Қырғызстандағы тексеруден өттік. Куәлікті бердік, арнайы құрылғының бетіне қойды да, бірден қайтарып берді. Қайтарда да дәл солай болды. "Әй, мына жақ дамып кеткен екен" деп қаласың. Біздің елде тексеру үшін кемінде 12 адам компьютердің алдында отыр. Оның алтауы шыққаныңды, қалғаны елге қайта оралған кезде тексереді. Ал Қырғызстан жақта екі адам ғана отыр. Біреуі шығысты, екіншісі кіргендерді тексереді. 

Шу өзеніне бір қарап, ағайын қырғыздың жеріне де аяқ бастық. Бірінші байланыстан бастасақ. Егер телефоның қосулы күйінде шекарадан өтсең, оның ішінде интернет қосулы болса, бірден Қырғызстанның тарифіне өтіп кетесің. "Кейде бірлігіңді 0 етсе, енді бірде минусқа кіргізіп жібереді", – дейді тұрғындар. Тағы бір айта кететіні: Операторлар "Қырғызстанға қош келдіңіздер!" – деп өз тарифтерін ұсынудан жалықпайды екен.

Ары қарай кеттік. Барлық жердегі әдет бойынша алдыңнан «такси», «такси керек па?» деген ағалардың даусын естисің. Тіпті қолыңда затың болса, көтеріп көлігіне салуға дайын тұр. Ары қарай жүрдік. Жол бойы тосаптың түр-түрін мен түрлі құйылмалы сусындар тұр. Екі аттасаң, ақша айырбастайтын дүнгіршектерді айтпасқа болмайды. Тосаптың бағасын сұрадық. 5 литр таңқурай тосабы 600 сом. Біздің ақшамен 3000 теңге. Салыстырдық. Қарасақ Шымкенттегі, оның ішінде Түркістандағы бағадан қымбат. Ал Түркістандық саудагерлер Қырғызстаннан әкелетінін ескерсек, бұдан да арзан жер бар. Ендеше базарға бару керек. Ең жақыны Дордайдың базары. Ленинск ауылынан өтсек, ар жағы Дордай. Ленинск? Иә, ол жақта да біздің елдегідей орыс тілі біршама қолданысқа ие екен. Бірнеше жердің атауы қырғыз және орыс тілінде жазылған. «Ех» дедік те, такси іздедік. Алдымен ақшаны айырбастап алайық. Бізге көп ақша керек болмайтынын біліп, 2000 теңгені сомға айналдырдық. Біздің 5 теңге қырғыздың 1 сомына тең. «Әттеген-ай» деп теңгенің құнына ішің ашиды.

Ал енді таксимен келісу керек. Дордайға дейін 20 шақырым. Ол жерге барып, қайта келуге 400 сом сұрап тұр. Былай айтқанда, 2000 теңгеге барып келесің. Жүргізушімен сөйлесіп, 350 сомға келістік. Жол бойы жүргізушімен әңгіме айтып бардық. Екі елдегі автокөлік бағасын жалпылай салыстырып көрдік. Нәтижесінде екі елдегі көлік құнының жобалас екенін байқадық. Жанармай бекетіне тоқтаған сәтте жанармайдың бағасы да айтылды. Қырғыз такси жүргізушілері жанармай бағасы сіздің елмен салыстырғанда қымбат деп қалды. Нақты дәлел үшін суретке де түсіріп алдым. Енді салыстырып көрейін:

Қырғыз жерінде АИ-92 маркалы жанармай литрінің бағасы 37 сомға тең. Біздің ақша бойынша 185 теңге. Ал біздің елімізде 138 теңге тұрады.

Азын аулақ әңгіме айтып отырып, Дордайдың базарына да жеттік. Жолдағы контейнерлерді көріп, «Мұнша көп контейнер Алматыда жоқ шығар» деп ойладым өзім. Шеті жоқ секілді таусылар емес. Қалаған жерімізге де жеттік. Тосаптың бағасын білдік. Рас, сырт жақпен салыстырғанда баға арзандау. Алайда Түркістанның базарынан арзан емес. Бұл жақта 5 литр тосаптың бағасы 520 сом, біздің ақшамен 2600 теңге. Ары қарай жүрдік. Базардың автобөлшек сататын бөлігіне де жеттік. Ағаларым өздеріне керек-жарақтарын қарады. Көліктің бөлшектерін таңдай білмесем де, ағаларымнан сұрап алдым. Шымкенттің базарына қарағанда біршама арзан екен. 15 мыңның заты 12 мың, 20 мыңның заты 15-16 мың деп бағаланып тұр. Бағаларды біраз көріп, керегімізді алған соң, үйге қайтуды жөн көрдік. Қайтар жолда ортамызға саудагер апай қосылып, жол қысқарттық. Ол кісінің саудамен айналысып жүргеніне 15 жылдың жүзі болыпты. "Қырғыз тілін кез келген қырғыздан артық білемін" деп бір мақтанып алғаны да бар. Ол кісінің айтуынша, Шымкенттен немесе Қазақстанның басқа да облыстарынан келіп, Қырғызстаннан киім алу тиімсіз. Тек көтерме бағада алу ғана пайда әкеледі. Дордайдың базары Шымкенттің базарынан да қымбат деп баға берді.

Осылай менің бірнеше сағатқа созылған Қырғызстанға жасаған сапарым аяқталды. Өзімнің азын-аулақ мәліметіммен екі елдің экономикасын түбегейлі салыстырмасам да, ағайын елдің жерін көріп келдім. Қазақстанға өткен тұста өз еліміздің ауасының өзгешелігін байқамау мүмкін емес.

Айгерім Таубай

Қатысты Мақалалар