Астанада 2017 жылдың 7 айы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісі 4,2%-ға өсті. Бұл жетістік негізінен көлік құрылысы және металлургия, индустрияландыру картасы жобалары есебінен мүмкін болып отыр. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
– Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2017 жылдың қаңтар-шілде аралығында Астанада 289,9 млрд. теңгені құрады және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 83,6 млрд. теңгеге өскен. Өнеркәсіп өндірісінің 2017 жылға жоспарланған көлемі 486 млрд. теңге, – деп хабарлады қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өнеркәсіпті дамыту бөлімінің жетекшісі Азамат Рашитов.
Физикалық индекс көлемі 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,2% деңгейінде белгіленген.
Астанада осы уақытқа дейін өңдеу өнеркәсібінде 241,5 млрд. теңге сомасында өнім өндірілді, бұл 2016 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 77,5 млрд. теңгеге өсті. Индустрияландыру картасы өндірісінің өнім көлемі өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 46%-ын құрайды.
Елордада өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары көлік құрылысы, құрылыс материалдары өндірісі, металлургия, (алтын мен күміс өндірісі) және тамақ өнеркәсібі.