«Елде жақын арада үлкен күн батареялар паркі салынады»

/uploads/thumbnail/20170824180129512_small.jpg

Орталық Африка Республикасы күн батареясы жүйелерін белсенді түрде енгізуде деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Орталық Африка Республикасының Ұлттық күнін мерекелеу барысында елдің Сауда және индустрия министрлігінің Бас сауда инспекторы Джоахим Коягазомо мәлімдеді. Өз сөзінде Джоахим Коягазомо қазіргі кезде мемлекет энергетиканы дамыту саласында белсенді жұмыс жүргізуде екенін атап өтті. Оның айтуынша, елде жақын арада үлкен күн батареялар паркі салынады. Сонымен қатар, Джоахим Коягазомо экожүйені сақтау үшін жаңартылатын энергия көздерін енгізу мен дамытудың маңыздылығына тоқталды.  

«Орталық Африка Республикасы экожүйені қорғап, оны дұрыс басқаруды көздейді. Мемлекетіміз 5,4 млн. га экваторлық қалың ылғал ормандарына ие, оның 3,5 миллион га ауданы бақыланады. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу – еліміздің дамуы мен ормандарды сақтауға қажетті. Тұрақты прогресс ірі қалалар жанындағы орманды аудандардың қысқаруына әкелді. ЭКСПО-2017 көрмесі жасыл энергетика саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді», – деді Джоахим Коягазомо.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттердің жобалары мен жетістіктері Қазақстан үшін пайдалы әрі әлемдік экономиканың дамуына және қоршаған ортаны сақтауға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

«Болашақ энергиясы» тақырыбындағы Көрме энергетикалық ресурстардың жойылуы және қоршаған ортаның ластануы мәселелерін шешуді мақсат еткен халықаралық қауымдастық үшін маңызды. 2013 жылы Қазақстан жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады. Жыл сайын ЖІӨ-нің 2% көлеміндегі қаражатты «жасыл жаңартуға» инвестициялауға ниеттіміз», – деді Арын Өрсариев.

Өз сөзінде Арын Өрсариев Қазақстан Орталық Африка Республикасымен мақсатты экономикалық ынтымақтастығын дамытуға мүдделі екендігін атап өтті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар