Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы - денсаулық сақтауға бағытталатын қаражатты әділ бөлуді және ұтымды пайдалануды көздейтін тиімді қаржыландыру жүйесімен байланысты екендігі айтылған еді. МӘМС жүйесі денсаулық сақтауға жұмсалатын өсімтал мемлекеттік және жеке шығындардың салдарынан болатын қаржылық қатерлерді жою мақсатында қолданылмақ. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарына МӘМС жүйесін түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Айта кетсек, 153 нысанда бейнероликтер трансляциясы жүзеге асырылып, қоғамдық орындарда сыртқы жарнамалар мен аудиожарнамалар түріндегі ақпараттар орналастырылды. Аталмыш жүйені түсіндірген 418 280 буклет, 200 000 жол жүру билеттері мен коммуналдық кәсіпорындардың 1 000 түбіртегі таратылды. Тұрғындардың нысаналы аудиториясымен яғни, жұмыс берушілермен, қызметкерлермен, мемлекеттік қызметшілермен, жеке сот орындаушылары алқасының және адвокаттар алқасының, шаруа қожалықтарының, жеке кәсіпкерлердің қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Басқосулар барысында МӘМС жүйесінің тиімділігі мен жұмыс істейтін халықтың, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың міндетті сақтандыру төлемдерінің негізінде құрылатындығы айтылды. Сонымен бірге халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары (балалар, зейнеткерлер, еңбек етуге қабілетсіз азаматтар мен жұмыссыздар) үшін сақтандыру жарналарын республикалық бюджет қаражатынан мемлекет төлейтіндігі жеткізілді. Бұл жүйенің маңыздылығы туралы облыстық департамент және аудандық мекеме мамандары арнайы оқытылды. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен халыққа қызмет көрсету орталығының филиалдарында тұрғындарға кеңес берулер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша Бірыңғай Call орталығы жұмыс жасап тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен келіп түскен мәлімет бойынша, өңірде 2500-ге жуық кездесулер ұйымдастырылып, оған 357 972 тұрғын қатысқан. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын болады.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру