«Жарына опасыздық жасаған адамды жазаласа...»

/uploads/thumbnail/20170828151649291_small.jpg

Отбасы – әр адам үшін үлкен маңызға ие құндылық. «Үйлену  оңай, үй болу – қиын» дегендей, отбасын құру бір күнді ғана қажет етеді, ал оны сақтап, затын өшірмеу – мойынға жүктелген ең ауыр күш, ең үлкен жауапкершілік. Шаңырақты шайқалтпай, керегесін мықтап ұстаудың міндеті әйел мен ерге бірдей жүктелген. Әрі ол үшін сабырлық пен арадағы түсіністіктің болуы аса маңызды. Мұны біреулері ұстанып, соңына дейін жеткізе алса, кей отбасылардың бұған халі жете бермейді. Үйлену бір күн, үй болу – мәңгілік, сол секілді шаңырақты сақтау – мәңгілік, ал оны шайқалту – бір-ақ сәт. Шаңырақтардың шайқалып, отбасылардың екіге бөлінуінің себептері көп. Біз солардың біріне ғана тоқталып өтуді жөн көрдік. Ол әйелінен безінген ер адамның өзге әйелдің құшағын аңсауы немесе еріне көңілі толмаған әйелдің сол көңілді өзге ер адамнан іздеуі. Айналып келгенде, шаңырақтың шайқалуының бірден-бір себебі – Алла қосқан қосағының көзіне шөп салу. Бүгінде қоғам бойынша үлкен мәселеге айналып отыр. Бәлкім бұрындары да болған шығар, алайда сонау замандарда мұндай отбасылық мәселелер, қиындықтар әр әйелдің, ер адамның өз ішінде қалатын еді. Елге жария болмайтын. Себебі тек отбасылық мәселе тұрғысында қабылданған. Енді міне, заман ағымына сай жаңа технология дамып, онымен адам баласы бірдей ілесіп, бүгінде жасырын дүние қалмаған шығар, бәлкім, қоғамда. Ғаламтор желісіне кіріп қалсақ болғаны, мұң-шерін ақтарып, халықтан көмек сұрап отырған әйелдер. Сондағы менің көзім шалғандары – опасыздық танытқан күйеулерін айтып, балаларын ойлағандықтан ажыраса алмай жүрген әйелдердің жыры таусылар емес.

Әр отбасының өзіндік басталу тарихы бар. Алғашында бәрі де ғажаптай көрінеді: романтикаға толы әсерлі кештер, сұлу әйел мен әйелінің көркіне тамсанған ер адам. Ал бақытты күндердің шырқын бұзатын көзге шөп салу деген түсінік қайдан пайда болады? Романтикамен басталған әдемі кештер әйелінің көзіне шөп салып қана қоймай, көк ала қозыдай сабаған еркектердің ісімен бітетініне тағы өкінесің. Бір ғана емес, бірнеше жанұя осы сынды сорақылықтардың зардабын шегіп келеді, өкінштісі, әлі де жалғасын таба бермек. Ал мұны тоқтататын заң бар ма, амал бар ма? Осыған орай жарының көзіне шөп салған жағдайда өзге мемлекеттер қандай шара қолданбақ екенін білдік.

Мали

Африкалық тайпалар үшін көзге шөп салу қлыпты жағдай. Әйелі кіммен көңіл көтергісі келсе өз еркі, тек ол адам жарының туысы болмауы тиіс. Егер тәртіпке бағынбаса, тайпадан қуылады.

Вьетнам

2013 жылдан бастап мемлекетте жарының сатқындығы үшін 45-тен 145 долларға дейін айыппұл салынады. Мұндай заңнаманың шығуының өзіндік себебі де бар екен.  Сол жылдары жергілікті шенеуніктер әйелдеріне жиі опасыздық жасайтын болған. Жоғары лауазым иелері сәнгерлер мен кино актрисаларымен көңіл қосып, жасырын түрде жұмыстарына шақыртып отырған.

Қытай

Гуандун провинциясында опасыздарды 2 жылға түрмеге қамап, мүлкін тәркілейді. Алданған әйелдердің көбі опасыз ерлерді анықтауда полицей қызметкерлеріне өз еріктерімен көмектеседі.

Швейцария

Егер швейцариялық еркек әйелінің көзіне шөп салса, ажырасқан соң 3 жыл көлемінде некеге тұруына тыйым салынады.

Ауғанстан

Бұл мемлекетте жарына сақындық жасаған адамға жұрт көзінше дүре соғылады. Егер адамның опасыздығы бірнеше күнге жалғасқаны анықталатын болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Шығыс Рим империясында еріне сатқындық жасаған әйелді алаңға шығарып, кез-келген адамға сатып жібереді.

Канадада үндістер басының ұшын тіліп, терісін сыпырып алған.

Галла елінде опасыз әйелдің денесін балшықпен сылап, қаланы аралатқан.

Африкалық Луанго патшалығында сатқындық жасаған адам мен көңілдесін биік құздан лақтырған.

Опасыздарды жазалаудың еі сорақы тәсілі Диарбақырда қолданылған. Ол жерде сатқындық жасаған адамды бүкіл отбасы жазалаған. Отбасының әр мүшесі кем дегенде бір рет пышақ сұғуы керек.

Әр елдердегі жазалау түрлері мұнымен шектеліп қалмайды. Ал біздің елде опасызды жазаламақ түгілі, отбасының берекесі үшін кешірімділік танытқан әйелдерді көріп көңлің бір жағынан жылып та қалады. Алайда іште қалып қойған шер мен жүректегі мұң адамның түбіне жетпей қоймайды. Егер де опасызға қандай да бір жазалау түрін қолданатын амал табылса, шаңырақтар шайқалмас па еді, кім білсін?!

Қатысты Мақалалар