Биыл елдегі жаңа саяси науқан қоңыр күзді күтпей-ақ басталып кетті. Күні кеше премьер-министрдің жаңа екі орынбасары тағайындалды. Үкімет құрамындағы Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Әлеуметтік даму министрліктерінің жұмысына жауапты вице-премьерлік лауазымның әлі қалпына келтірілмегенін (ақпан айында осы лауазымды атқарған Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші боп кетіп, орнына ешкім тағайындалмаған болатын – ред.) ескерсек, министрлер кабинеті алдағы уақытта құрылымдық та өзгерістерге ұшырауы мүмкін.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет тізгінін ұстағанына 9 қыркүйекте бір жыл толады. Бұл мұндай лауазым үшін аса көп уақыт емес. Бұған дейінгі премьерлердің ішінде ең аз отырды деген И.Тасмағамбетовтің өзі аталған лауазымды бір жарым жылдай атқарған еді. Сағынтаевтың жұмысына әлі президент тарапынан айтарлықтай сын айтылмады. Кейбір алдыңғы әріптестеріндей ақпарат құралдарында да ашық шабуылға ұшыраған жоқ. Дегенмен, біздің саясатта бәрі де бола береді. Мәселен, Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші боп кетеді деген де ешкімнің ойында жоқ еді. Сол сияқты жақын күндері Президент Үкімет басшысын ауыстырып жатса, таң қалып керек емес.
Егер бола қалса, ол ауыс-түйіс Бақытжан Әбдірұлының біліксіздігінен, не Қазақстан Үкіметінің өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмауынан болмайды. Оның үстіне премьер ауысқанмен, министрлер құрамы қатты өзгеріске ұшырамайтыны бұған дейінгі ауыс-түйістерден белгілі. Жыл басында жарияланған саяси жаңғыру де-юре Үкіметке біршама дербестік берді. Мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау мен жүзеге асыру жауапкершілігі толықтай министрлер кабинетінің мойнына жүктеледі. Одан бөлек алдағы билік транзиті қарсаңында саяси элитаны тағы да бір електен өткізіп, ескі гвардияның елеулі тұлғаларына билік баспалдақтарын мықтап бөліп беру керек. Осы тұрғыдан алғанда елдегі санаулы конституциялық лауазымдардың бірі ұзақ жылғы сынақтардан сүрінбей өткен, мемлекеттік аппарат пен қаржы-өндірістік топтар арасында салмақты тұлғаға табысталуы қажет.
Бұл орынға Ахметжан Есімовтің кандидатурасын неге айтып отырмыз? Қазіргі таңда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясын басқарып отырған ол жақын күндері халықаралық көрме жұмысын қорытындылап, өз миссиясын атқарып болады. Көрме павильондарының құрылысы кезіндегі бірді-екілі оқиғалар болмаса, жалпы ЭКСПО ың-шыңсыз өтті. Келеді деген қонақтардың саны артығымен болмаса да орындалды. Көрмені ұйымдастыру мен өткізу кезінде біршама қаржы үнемделгені туралы да айтылып қалып жүр. Бұның барлығы Есімовті тиімді менеджер, шебер ұйымдастырушы, салмақты саясаткер етіп көрсететін жағдайлар. Елбасының өзі айтқандай, Ахметжан Есімов басқа да мемлекеттік қайраткерлермен бірге бүгінгі Қазақстанның негізін қалаған азамат. Олай болса, сындарлы сәтте Үкімет тізгінін неге ұстатпасқа?!
Бұл – болжам, әрине. Бірақ, біраз тақырыпқа тұздық боларлықтай болжам. Билік басындағы өзгерістер бір премьер лауазымымен шектеледі деуден және аулақпыз. Үлкен өзгерістер мен өтпелі кезеңде елдегі тұрақтылық пен элитаның ымыра-бірлігін сақтап, барлық тараптардың мүддесі ескерілуі үшін Парламент палаталарының жетекшілері, мемлекеттік хатшы, Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасы лауазымдары да қайта бөліске түсуі ғажап емес.
Жеңіс САБЫРЖАНҰЛЫ