Ресей астанасында жүздеген мұсылман Мьянмада этникалық рохинджа тобын қудалауға наразылық білдіріп, қала орталығында рұқсат етілмеген акцияға шыққан. Ресейлік "Дождь" телеарнасының хабарлауынша, Мәскеудегі Мьянма елшілігі жанына жиналған наразылар "Аллаху акбар!" деп айғайлаған. Ол жерде тұрған полиция өкілдері наразылық акциясына араласпай, сырттай бақылап тұрған. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі azattyq.org мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Тұрғындарының басым бөлігі буддизм дінін ұстанатын Мьянма Республикасында мұсылман рохинджалар жергілікті билік тарапынан қысым көріп отыр. Этникалық аз топтың 75 мыңнан астам өкілі жақында елден қашуға мәжбүр болған. Мьянмада соңғы апталарда буддистер мен мұсылмандар арасындағы қақтығыстар салдарынан 400-ден астам адам мерт болған.
Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров Мьянмадағы мұсылмандарды қудалаушыларды айыптаған. Шешенстанмен көрші Дағыстанда рохинджаларды қолдау акциясы өткен.
Ресей сыртқы істер министрлігі Мьянмадағы жағдайға Мәскеудің "мұқият назар аударып" отырғаны туралы мәлімдеп, жанжалға қатысушы тараптарды диалог орнатуға шақырған.
Пікір қалдыру