2020 жылға қарай Тувалу жаңартылатын энергия көздері есебінен энергия ресурс қажеттіліктерін 100% өтейді. Бұл туралы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен Тувалу мемлекетінің Ұлттық күні барысында Сыртқы істер, сауда, туризм, қоршаған орта және еңбек министрінің көмекшісі Атаби Евекия мәлімдеді. Өз сөзінде министрдің көмекшісі мемлекеттің энергетика саласындағы қазіргі жай-күйі және болашақ жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің медиа-орталығына сілтеме жасай отырып.
Атаби Евекия: «Тувалу мемлекетінің энергетика саласында қазба отынды пайдалану 74% басым, қалған 26%-ды жаңартылатын энергия көздері құрайды. Осыған орай, аралдардың бытыраңқы орналасуы мен импортталатын мұнайдың бағасының жоғары болуынан, әлемдік нарықтан оқшау орналасқан аралдық мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздік өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Елдегі аталған мәселелерді ескере отырып, біздің мемлекет энергия ресурстары қажеттіліктерін жаңартылатын энергия көздері есебінен өтеу міндетін алдына қойды», - атап өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов Тувалу мемлекетінің 2017-2018 жылдар мерзіміне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауда Қазақстан кандидатурасына қолдау көрсеткендігі үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы қатынас туралы мәлімдеді.
«Қазақстан және Тувалу мемлекеті арасындағы диломатиялық қатынас жақында орнатылғанына қарамастан, екі елдің халықаралық құрылым және бастамалар шеңберінде өзара әрекеттесуі және ынтымақтастығы қарқынды жүзеге асуда. ЭКСПО-2017 көрме жаһандық таза энергетиканы дамыту идеяларының өркендеуіне, қазіргі кездегі түсініте жаңа парақтың ашылуына, сондай-ақ тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер беретініне кәміл сенемін», - қорытындылады Айдарбек Тұматов.
Тувалудағы жаңартылатын энергия – энергия үнемдеуде қарқынды дамушы салалардың бірі. Мемлекет Е8 халықаралық коммерциялық емес ұйымының қолдауымен жоба әзірлеуде. Аталған жоба жаңартылатын энергия көздері есебінен барлық энергетикалық қажеттіліктерді өтейді деп жоспарлануды.
Пікір қалдыру