Қытай Қазақстанда ядролық отын өндіретін зауыт салуға әзір екенін білдіріп отыр. Бұл туралы ҚХР астанасында өткен энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселесіне арналған 8-ші Қазақстан-Қытай кеңесінде Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясының директоры (CNNC) Цао Шудун хабарлады.
Оның айтуынша, ядролық технологиялар экспорты - Қытайдың мемлекеттік стартегиясы. «Біз өз өнімдерімізді Пәкістан, Аргентина сынды елдерге экспорттауға ынталымыз», - деді ол.
Цао Шудунның айтуынша, CNNC 2000 жылдардан бері уран ресурсын өндіруде «Қазатомпроммен» ынтымақтастықты кезең-кезеңімен нығайтып келеді.
Сондай-ақ ол Қазақстанның табиғи уранын Қытайға экспорттау бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылғанын айтты. Тараптар 10 жыл ішінде аталған шикізат өнімін тасымалдау туралы келісімге қол қойған.