Мьянмада рохинджалар Мьянмадағы геноцидке қарсы атысты тоқтатқандарын жариялады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі BBC сайтына сілтеме жасай отырып. Алайда Мьянма үкіметі көтерілісшілермен бірге келісімге келуден бас тартты.
«Аракан рохинджасын құтқару армиясы» (ARSA) айтуы бойынша, рохинджалар бітімгерлік шарасын жексенбі күнінен бастауды жоспарлап, Мьянманың әскерін де қаруды тастауға шақырған.
Бірақ, Мьянма үкіметі Ракхайн мұсылмандарының бұл ұсынысын қабылдамайтынын мәлімдеді. Үкіметтің баспасөз хатшысы Зо Хтай Мьянма терроршылармен келіссөздер жүргізбейтінін айтты.
Еске сала кететін болсақ, Мьянмадағы жағдай 25 тамызда ARSA мүшелері бірнеше полиция бекеті мен Мьянма әскери базасына шабуылдағаннан кейін ушығып кеткен еді. Аталған қақтығыста үкімет әскерінің 12 мүшесі мен 77 көтерілісші (басқа мәліметтер бойынша шамамен 120 адам) қаза тапқан.
Осы шиеленістен кейін Ракхайн аймағынан болжам бойынша 290 мың рохинджа Бангладешке барып бас сауғалапты.
БҰҰ мәлімдемесіне сүйенсек, Мьянмадан кеткен рохинджаларға көмектесу үшін қайырымдылық ұйымдарына шұғыл түрде 77 млн. доллар қажет.