«Нұр Отан» президенттік бағдарламаларға ерекше бақылау жүргізе береді

/uploads/thumbnail/20170922093049802_small.jpg

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы жөнінде партиялық тыңдау өткізді.

Бағдарлама аясында тек соңғы 7 жылдың ішінде елімізде 500-ге жуық жаңа өнім түрлерін өндіру ісі қолға алынған. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген базалық салалар мен инновацияны дамыту міндеттерін жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соның нәтижесінде 2021 жылы елімізде түрлі-түсті металлургия экспорты 20 пайызға өседі деп көзделуде. Сондай-ақ, мұнай-газ саласында бәсекеге қабілеттілік артып, энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың аясы кеңеймек. Бұл міндеттердің барлығы 2015 жылдан бастап екінші бес жылдығы жүзеге асырылып келе жатқан индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына да енгізілген.

Бағдарлама шеңберіндегі осындай басымдықтарға тоқталып өткен Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорындар салынды. Оны жүзеге асыруға 5 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Елімізге бүкіл дүниежүзіне танымал аса ірі компаниялар келіп, миллиардтаған доллар инвестиция салды және ең озық технологияларды әкелді. Дәл осы жаңа кәсіпорындар мұнай бағасы үш есеге төмендеген кезде ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр», – деді.

Іс-шара барысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар партиялық тыңдауға қатысқан Мәжіліс депутаттары министрге өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Бүгінге дейін бағдарлама бойынша төрт басты индикатордың үшеуі жүзеге асырылған. Елімізде жаңа өнеркәсіптік өнімдер өндіріліп, заманауи технологиялар әкелінді және қосымша жұмыс орындары ашылды. Алайда, бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайтынын, қайта бұдан да күрделі жобаларды қолға алып, батыл қимылдауымыз керектігін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмалары мен барлық президенттік бағдарламалардың орындалуына ерекше партиялық бақылау жүргізуді жалғастыра береді», – деді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар