Қазіргі әлемде үлкен қозғалыстар мен арпалыстар, күрестер мен теке-тірес толастар емес. Күнделікті хабаларлардың басым бөлігі жағымсыз сипатқа құрылған. Сол қайшылықтар мен дүрбелең үдерістердің арасында белсенді де белді орын алып отырған мәселе лаңкестік мәселесі. Біреулер жеңіп, біреулер жеңілетін кескілескен ұрыс салатын дәуірлерден өткеніміз қашан. Қазіргі әрбір халық, әрбір ұлт өзінің мемлекетін құрып, тәуелсіздігін сақтап, әлемдік қауымдастықта жеке-дара мемлекет болып қалыптасу жолында күш-жігерлерін аямауда. Халықаралық келісімдер мен үлкен алпауыт одақтар осының кепілі іспетті қызмет атқаруда. Алайда лаңкестіктің де сипаты біртекті емес. Ол саяси ахуалға байланысты, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға байланысты өзгеріп отыратындығын да көріп отырмыз. Әртүрлі арнайы құпия ұйымдардың, мемлекеттік саяси жоспарлардың араласуымен де кез-келген уақытта лаңкестік орын алуы мүмкін екендігін қазіргі саясаттанушылар жоққа шығармайды. Дегенмен, осындай бұлыңғыр себептермен қоса лаңкестіктің басты шарттарының бірі дінді, діни көзқарастарды жамылған діни-саяси экстремизм екені даусыз. Біреулер шынайы күресудің жолына түссе, енді берулер күрескен сыңай танытуда. Осыған байланысты Елбасымыз БҰҰ-да сөйлеген сөзінде: «Лаңкестікпен жаппай күресуге бағытталған бірыңғай жүйе құру керектігін» баса айтқан болатын. Демек, лаңкестік, экстремизм, терроризм, діни радикализм мәселесі бүгін бар, ертең жоқ болатын жағдай емес. Бұл мәселемен күресудің көптеген жолдары мен сатылары бар. Қоғамдық деңгейдегі ең тиімді тәсілі еліміз үшін рухани бағдарды айқындау, өткенмен сабақтастықты орнату.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» - деген еді.
Демек, жаңғыру екі бағытта жүзеге асуы тиіс. Оның алғашқысы өткенді жаңғырту, өткеннің өнегесінен, құндылықтарынан, дүниетанымынан нәр ала отырып ұлттық кодты сақтау болса, екіншісі ұлттың дамуына кедергі болатын кертартпа әдеттер мен түсініктерден арылу. Алғашқысы рухани құндылықтарға бағытталса, екіншісі материалдық игіліктерге бағыттарған қадам болуы тиіс.
Өткеннің кертартпа әдеттері мен түсініктерінен арылу барынша қиын, әрі күрделі жағдай. Олай болатыны халқымыздың қанына біткен әдет-салттарының арасында ұлтты үмітсіздікке, кертартпалыққа, тоқпейілсуге, немкеттілікке итермелейтін сана аз емес. Тіпті «біз қазақ осындаймыз» деген сөзді көп жағдайда болымсыз сипатта қолданатынымыз жасырын емес. Сондықтан, адамдардың бір-біріне деген көзқарасы, сатқындығы, жалқаулығы, жатыпішерлігіне қатысты, тіпті бір кездері әдейі санаға сіңірген, жағымыз сипаттардан сананы сілку арқылы арылуға болады. Бірақ бұл ұзақ уақыт пен тұрақты тәрбиені қажет ететін үрдіс.
Руханиятқа қатысты алғашқы мәселе ретінде көтерілген ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталуы біздің саламызға тікелей қатысы бар. Қазіргі кездегі кезек күттірмес өзекті мәселелердің біріне айналған шектен шығушылық, радикалдану, тіпті лаңкестікке баруға ұласып жатқан жаңсақ діншілдену жағдайында аса өзекті саналады.
Ұлттың руханиятынан сусындай алмаған, отбасында рухани тәрбиеден жырақ қалған қазіргі өтпелі, өлара шақтың кейбір замандастары діндарлану мен радикалдануды ажырата алмауда. Соның салдарынан бастапқы ниеті мен ойы дұрыс болғанымен, нәтижесі мен құндылық көзі қате болғандықтан тез адасып, тіпті қағынан жерініп, өзінің ата-анасына, ұлтына еліне қарсы ұстанымдарға еріп жатыр. Осы орайда өткен құндылықтарды жаңғырту, ұлт зиялылары мен ағартушыларының еңбектерін бағдар ретінде ұстану, өскелең ұрпақты тек заманауи біліммен ғана емес, рухани тәрбиемен де қаруландыру ел болашағының қазіргі талабы, болашақ руханиятының кепілдігі.
Осыған байланысты қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қаншама ұлт руханияты түгенделген болатын. Алайда, оны тек кітапханалар мен арнайы мамандардың сөресінде сақтамай, жаппай ел жастарының рухани бағдарына айналдыру ұлттық кодты жаңғырту үшін қажет шаруа. Олай болмағанда қазіргі ел жастарының рухани бағдары сан алуан сала мен бағдарға бөлініп барады. Біреулері өркениеттілікке жету үшін батысты үлгі тұтып, киімін киіп, салтын ұстап жүрсе, енді бірі имандылық жолын іздеп, әр ағымның артынан еріп адасып жүр. Сондықтан ең алдымен мектеп қабырғасынан бастап жастарға рухани бағдар болатын құндылықтық мәні бар пәндерді қалыптастыру заман талабы.
Бір ғана мысал, әр елдің, халықтың қанына сіңген тәрбие беру ерекшеліктері бар. Ал дінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Еуропалық үлгідегі тәрбиелеу жүйесінде тәрбие беруден көрі білім беру бағыты басым. Ал мұндай білім мен ғылымның белгілі дәрежеде кемшілігі болады. Себебі, шығыстық дүниетанымда тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесізге берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген тұжырым жасаған.
Батыстың ойшыл ұлы ғұламаларының адамгершілік жөніндегі ой-пікірлерінің бастау бұлағы Шығыстың ертедегі ойшыл ғұламалары; Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Ахмет Иассауи т.б. трактаттарында, ғылыми ой толғамдарында айтылған тәлімдік ойлармен жалғасып жатуы жалпы тәрбие, ұлттық тәрбие туралы пікірлер сабақтастығының, өміршеңдігінің, өркениеттік құндылығының айғағы.
Шығыстың ғұламалары адам проблемасының рухани кемелдігіне аса мән бере отырып, адам проблемасын, оларды басқарудың этикасын, тәрбие мәселелерін, адамгершілік пен ізгіліктің бастамасын ата-баба салт дәстүріне, тіліне, халықтық бай тәжірибесіне негізделуін көздеген.
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» жайындағы еңбегінде қоғамда өмір сүретін адамдар құрылатын топтарды сипаттап олардың ерекшеліктерін, құндылықтарын көрсетуге тырысады. Халықты бақытты болуға жетелейтін қоғамды ізгі қоғам, ал халқын ізгі халық деп атайды.
Әл-Фараби ғылым-білім туралы ақыл кеңестерінде, адамның ақыл-ойы, ерік жігері тек шындыққа негізделуі керек екеніне үйретті. Оның пікірінше оқу білім, ғылым адамы болу адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты.
Әл-Фараби тәрбие туралы айта келіп, оған мынадай ғылыми анықтама береді: «Тәрбиелеу дегеніміз халықтың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерді дарыту деген сөз»;
«Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден тұратын іс-әрекеттер дағдысы сіңіріледі»;
«Моральдық ізгіліктерді - білім, тәрбие арқылы дарыту керек, сол арқылы адам игілікті істерге талпынады.
Шығыс мұсылман мәдениетінің тағы бір бастауы Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығында жатыр. Қожа Ахмет Яссауи жазған негізгі шығарма «Диуани Хикметте» дүниенің тірегі адам мен махаббат деп атайды.
74-хикмет:
Көзге түсіп, нұрыменен ақылы асқан,
Алла деумен көңілін жайлап төрге басқан
Махаббаттың отыменен қайнап тасқан,
Мен де Алла деумен барғым келер.
Яссауи дүниетанымын білдіретін ұғымдар: қанағат, ғаріптік, махаббат, шайтан, пақыр, хақ, нәпсі, зікір, қасірет, себеп, тәубе, құл, тағат, шарап, несібе, жаннат, мақам, керемет, күнә, азап, ғайып, ырзық, ғашық сипат, дидар, медет, пенде, жан, иман, сабыр, сыр, ықылас, ризық, шапағат, ғалам тәңірі, тәуекел, мейір, ұят, ғаламат замана, пейіл, керемет т.б. Осы сопылық дүниетанымда жиі қолданылатын ұғымдар тілімізде кеңінен қолданылуда.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты шығармасында адам - ақыл мен сабыр, адалдық пен адамгершіліктің бейнесі ретінде беріледі. Ақыл парасаттың, адамгершіліктің негізі, тәрбие мәселесі халық тәлімінде, даналығында жатқанын көрсетеді.
Жүсіп Баласағұн айрықша атаған адамдық қасиеттердің бірі - үйрену. Ол «жақсыдан үйреніп, жамандықтан жирену» арқылы ғана адамшылықтан азбауға болатындығын айтады.
«Екі кісі – кісі атанар қысқасы. Бірі - шәкірт, екіншісі ұстазы» - дейді. Ұстаз бола біліп бар жақсыға үйрету, шәкірт бола біліп үйрену – келешегі бар елдің қасиеті. Сонда надандықтың ауылы бізден алыс болады. Себебі надандық хат танымағандықтан емес, адамдық қасиеттердің жетілмеуінен болады дегенге саяды.
Адамның адамшылық қасиетін қалай сақтау жөнінде Жүсіп Баласағұн сақтандырған бес мін:
Жүрсін бектер бес нәрседен алыстап,
Жақсы атымен дақ тигізбей намысқа.
Ұшқалақтық - бірі, екінші - сараңдық,
Үшінші - ашу, егіз оған надандық.
Қырсығың - сор, бетті жер ғып жүргізер,
Бесінші - өтірік, жерге тірі кіргізер.
Ең қорлығы - өзімшілдік, залымдық
Өзімшілдік – торланғаны бағыңның!
«Құтты білік» - адамшылық дәстүрі. «Құтты біліктің» мұраты да биік. Ол еркіндік, жаратылыс пен жан әлемінің сұлу жарастығына негізделген адам бақыты, адамның құтты тірлігі, бақытты қоғам, бақытты ел болу.
Тұжырымдай келгенде, біздің руханиятымыз бен елдігіміздің өзегінде терең тәрбие құндылығы жатуы тиіс. Мұны біз ұлттық код ретінде сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыруымыз қажет. Демек, әр кезеңде рухани жаңғырып, жаңарып отыруға мұқтажбыз десек, қазіргі кезеңде бұл міндетке айналып отыр.
Тышхан Кеңшілік,
дінтанушы