Мұнай нарығы жалғасты құлдырауда

/uploads/thumbnail/20170708160608644_small.jpg

Кеше Нью-Йорк нарығында WTI сұрыпты мұнайдың бағасы рекордтық көрсеткішке дейін құлдырады. АҚШ-тың Техас штатында өндірілетін қара алтынның бұл түрі бірден 4 пайызға арзандап, баррелі 63,05 долларға бағаланды.  Бұл – 2009 жылдың шілдесінен бері тіркелген ең төменгі баға. НТВ.Ru. таратқан ақпаратқа сүйенсек, бағаның күрт төмендеуіне нарықта қара алтынның қоры тым көп деген мәлімет әсер еткен.

Мұнайдың бағасы Еуропада да мәз емес. Лондондағы континентаралық фьючерстік келісімдер биржасындағы сессия қорытындысы бойынша, Brent маркалы мұнайдың бағасы 2,93 долларға арзандап, баррелі 66,14 долларға жетті. Мұнай құнының құлдырауы Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (OPEC)  өндірілетін мұнай көлемін қысқартпау туралы шешімінен бастау алған болатын. Қара алтын нарығындағы тұрақсыздық рубль бағамына да қысым көрсетіп тұр.

Тим Финлон, «Energy Analytics Group LLC» консультациялық компаниясының директоры: «Кейбіреулер нарықтағы қазіргі жағдайды сәтті сауда жасау үшін таптырмас мүмкіндік деп бағалауы мүмкін. Алайда, мұнай нарығы әлі де тауарға толы. Баға төмендей бермек. Нарықта тұрақсыздық сақталады».

Джин Макджиллиан, «Tradition Energy» компаниясының бас сарапшысы: «Мұнай нарығы шыңырауды іздеп әлек, бірақ жуық арада оған жете қоймайтын тәрізді. Ұзақ мерзімді салымдарға бейімделген инвесторлар бұл нарықтан бастарын ала қашуда. Өйткені құны жоғалған тауарды ешкім сатып алғысы келмейді».

"ҚазАқпарат"

Қатысты Мақалалар