ҚАҢТАР айында туған адамдар шыдамды әрі жігерлі келеді. Тағдырдың қандай тәлкегі болса да, жақындарына салмақ түсірмей бәрін өз мойнымен көтере біледі. Бұл айда туған әйелдер ұяң, бірақ «ер мінезді» болып келеді. Олар тәкаппар болғандықтан, еркіндікті сүйеді. Қай салада болсын, биіктен көрінгенді қалайды. Мінездері отбасыларына кейде жайсыздық танытқанымен, күйеулерін өлердей сүйеді. Және әрқашан қандай жағдайда болсын көмектесуге дайын. Тәтті тағамдар жасауға әуес.
Ал қаңтарда туған ер адамдар әділ әрі жігерлі болғандықтан, оларға қиын сәттерде иек артуға болады. Олар тіпті, тәуекелшіл, шешімді тез қабылдайды. Өзінен әлсіздерге мейірімділіпен қарайды, әйелдерге құрмет пен инабаттылық танытады. Өте тәкаппар және ерік-жігері мықты, отбасына жайлы.
АҚПАНДА туғандар тік мінезді, бірақ ұстамсыз келеді. Мінезі көңіл-күйіне байланысты өзгермелі. Бұл айда туған ер адамдар қиындықтан қорқуды білмейді. Және тез шешім қабылдайды. Олар кекшіл болғандықтан, өзін жәбірлегендерді кешіре бермейді. Әлсіздерді менсінбейді, ақкөңілділік пен мейірімділік таныта алмайды.
Ал әйелдер мейірімді, сабырлы, балажан. Отбасына жайлы, бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Алдағанды кешірмейді.
НАУРЫЗДА дүние есігін ашқандар өте сезімтал және әсершіл жандар. Сәтсіздіктерге мойығыш болғандықтан, қызметте өсуі баяу. Егер ол табандылық пен бірбеткейлік танытса, көп нәрсеге қол жеткізер еді. Наурызда дүниеге келген ерлердің жандары жараланғыш әрі ақкөңіл, бірақ тәуекелге жоқ. Тағдыр тәлкегінің кедергісіне қарамай, үнемі алға ұмтылумен жүреді. Ал атақ пен даңққа ие болғанда өз дәрежесін көп сақтай алмайды. Масаттанып, беделін әп-сәтте жоғалтып алуы мүмкін. Біреудің жоғарылауын өзінің жеңілісі ретінде сезінетін іштарлығы да бар.
Бұл айда дүние есігін ашқан әйелдер болашаққа бал ашу мен көріпкелдерге көп сенеді және жиі барады. Олар өздерінің сыртқы сұлулығына көп көңіл бөледі де, үй тірлігін екінші орынға қояды.
СӘУІР айында туған адамдарға тән мінез - қаталдық. Олар алға қойған мақсаттарына жету жолында батылдық пен табандылық таныта күреседі. Шешімді тез қабылдайды және өзіне-өзі есеп беріп тұруды ұмытпайды. Бұларды толғантатын басты мәселе — өздерінің тұрмыс жағдайы. Ер адамдар некеге тұру мәселесінде сезімнен гөрі есепке көп көңіл бөледі. Бірқалыпты өмірді сүйеді.
Әйелдер үшін тұрмыс жағдайы басты мәселе емес. Ол үшін ең бастысы отбасы мүшелеріне құрметпен қарау. Ақылы мен ашық-жарқын мінезінің арқасында көпшілікке ұйытқы бола алады.
МАМЫР айында туған адамдар принципшіл, билікқұмар және бірбеткей болады. Бұл айда туған әйелдер кекшіл, жәбірлегендерді кешіруі қиын. Ажырасуы оңай болғанымен, артынан өкініп қалады. Бұл әйелдерді жұбайы емес, тұрмыс жағдайы қатты қызықтыратындықтан шаңырақтарының мықты болуы сирек кездеседі.
Ал мамырда туған ер адамдар отбасыларына жайлы және толық отбасын қамтамасыз ете алады. Олар қатал мінезді болғанымен, әйелдердің шағымы мен көз жасын жүрегіне жақын қабылдайды. Әлсіздерге көмектесуге қашан да болсын әзір тұрады.
МАУСЫМДА өмірге келгендер уайымшыл,әрі тез жараланғыш. Істеген істеріне сергектікпен, байыппен қарайды. Табиғи дарынды, алғыр және мейірімді. Өзінің жақындарына тұйық көрінгенімен, сырт адамдармен ашық-жарқын шешіліп, сөйлеседі. Дау-дамайдан алыс жүргенді ұнатады.
Бұл айда туған ер адамдардың қызмет пен махаббатта жолы болғыш. Көрсеқұмар, әр нәрсеге қызыққыш, бірақ одан тез жалығады. Тазалық сүйгіш.
Ал, әйелдер үй тазалығына ерекше көңіл бөледі. Әдемі әрі қымбат ыдыс-аяқтарға қызығады. Мереке сайын болмашы сыйлық ұсынған адамды өмір бойы мақтап жүруге дайын.
ШІЛДЕДЕ туған адамдарға өзімшілдік, ұстамсыздық және шыдамсыздық мінездері тән. Өздерін кісі баласына тәуелді етпейді әрі өте тәкаппар. Дос-жарандардың айтқанынан шыға алмайтын көнбіс. Әйелдер күйеулеріне би болуға құмар. Әрқашан бірнәрсеге көңілі толмай, соған жоқ жерден ұрыс шығарып жүреді.
Ал ерлер сенгіш келеді, сондықтан жиі қателеседі. Алғашқы махаббатында жолы болмаса, сүрбойдақ болып ұзақ жүреді. Барлық сәтсіздіктерге төтеп бере алады және өз тағдырына өкінбейді. Олар отбасында анасына және енесіне өте жақын.
ТАМЫЗ айында туған адамдар әсершіл, бірбеткей, қуатты болады. Еңбегі жемісті, бірақ кейде аңғалдығы да бар. Әйелдер өзіне-өзі сенімді, қайратты, бірақ уайымшыл, кек сақтамайды. Үй шаруасына пысық.
Бұл айда өмірге келген ер адамдар өте сезімтал. Көбіне олардың алғашқы отауы ұзаққа бармайды. Айналасындағылардан мақтау күтетіндіктен, өзін сынағанды жек көреді. Өздері онша тұрақты болмаса да, әйелдерін қатты қызғанады.
ҚЫРКҮЙЕКТЕ дүние есігін ашқан адамдар қызуқанды, жанжалға жақын, әсершіл, үнемі алдына мақсат қойып, соған жету жолын ойланумен жүреді. Сыйлық бергенді ұнатады. Бірақ ақшаны үнемдеп жаратады. Өзін-өзі жақсы көреді.
Әйелдер күйеуінен гөрі өзінің жайын көп ойлайды. Тәуелсіздікті жақсы көреді,шыдамсыз. Ұйқыны тәуір көргендіктен үнемі жұмысқа кешігеді. Үй шаруашылығына пысық, тамақты дәмді әзірлейді, үйді таза ұстайды.
Ал ер адамдар қызғаншақтарды жек көре тұра, өздері өте қызғаншақ келеді. Көрсеқұмар, бірақ жар таңдау жолында өте сақ. Өзінің рұқсатынсыз ақшаны жаратқан әйеліне ренжісе де, қомақты қаржыны өзі құмар ойындарына жұмсағанына өкінбейді. Қарызға ақша беруі қиын. Жақсы жағдайда өмір сүргенді ұнатады.
ҚАЗАН айында туған адамдар қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Бұл айда туған ер адамдар өтірікке бір табан жақын, оның өтірігі қайсы, шыны қайсы екенін сезбей қаласыз. Сөйте тұра өздері өте ақылды. Достықты жоғары бағайлады. Қаржы мәселесінде байыппен жұмыс істейді. Шешім қабылдауда көп ойланады және сенімді адамдармен ақылдасады. Бірақ, көбіне өз көзқарасын дұрыс санайды.
Әйелдер — принципшіл, есте сақтау қабілеті мықты. Сатқындар мен екіжүзділерді кешірмейді. Өмір бойы шаңырағының шайқалмауы үшін күреседі. Үй шаруасының шебері. Өзіне сын айтқандарды жақтырмайды.
ҚАРАША айында өмірге келген жандар есеп-қисапқа жүйрік, өз тұрмысы үшін ұнамсыз істерге де бара алады. Маңындағыларға сараң болғанымен, соңғы ақшасына дейін қыдыруға дайын. Сол үшін қаржы тапшылығына жиі ұрынады, бірақ онысы өзіне сабақ болмайды.
Әйелдер өзін-өзі жақсы көреді. Отбасында өздерін жетекші санайды, күйеулерімен көбінесе санаса бермейді. Жар таңдау жолында ынжық, момын еркектерді қалайды. Көпшілік ортада көзге түскенді ұнатады. Бала тәрбиесіне тым қатал.
Ал, ер адамдардың жүйкелері жұқа болады. Тез ашуланады. Қит еткенге тыз ете қалатын шамшыл. Бірақ, аңқау, алдағанға тез көнеді. Соңғы тиынын бере салатын жомарт жан. Достыққа адал, тез тіл табысып, бірақ тез ұрысады.
ЖЕЛТОҚСАН айында туған адамдар өте сезімтал және ақкөңіл. Бұл айда туған ер адамдар ашуланғанда өзін-өзі ұстай алмай қалады. Болмашы нәрсеге қабақ шытып айқайлайды. Сондай-ақ, жағымсыз жайлардың себепкері ретінде жиі көзге түседі. Бірқалыпты өмірден тез жалығады да, дос-жаранның көп болғанын қалайды.
Ал әйелдер ашық мінезді. Үйден гөрі түздің жұмысына бейім. Көпшіл, бауырмал. бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Сезімтал, қызуқандылығы да бар. Өкпе-ренішті кешіре алмайды.
Пікір қалдыру