Алматы қалалық көлік басқармасының басшысы Мақсұт Исахов қаладағы зиянды түтін шығаратын автобустардың қашан жойылатындығын айтып берді.
Мақсұт Исаховтың мәлімдеуінше, тасымалдаушы компания жаңа автобус сатып алып жатыр.
«Жыл соңына дейін жаңа автобустар жеткізіледі. Әкімдік коммуналды автопарктерге 300 автобус сатып алып жатыр. «Газель» мен «Лиаз» маркасының автобустары қаланың орталығы мен шеткі аудандарын байланыстыратын маршруттарда жұмыс жасап келеді. Ресейлік Лиаз зауыты апта сайын бізге 15 автобус жіберіп тұрады. Жекеменшік автобус парктері 254 автобус сатып алуға келісімшарттарын көрсетті. Оның ішінде 100 автобусты «Авто алма транс» сатып алады. Бұл кәсіпорын №65 маршрутқа қызмет ететін. Естеріңізде болса, көбіне осы маршруттың автобустары қаланың орталығында қою түтін будақтатып жүреді. Қазанның ортасында оларға алғашқы 28 автобус жетуі тиіс. Бұл көліктерді 65 маршрутқа қоюды талап ететін боламыз. Егер басқаша болса, бұл маршрутты автопарктен алып, қаланың коммуналды меншігіне ауыстырып, жаңа Лиаз автобустарын қоятын боламыз. Оған уәде берем», - деді Исахов.
Айта кетер болсақ, әрбір мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг көміртек оксидтері, т.с.с отынның толық емес жану өнімдері бөлінеді. Жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады. Бұл газдардың құрамында 200-ден астам өте күрделі заттар қосындылары (Pb, Hg, Cd, т.б. ауыр металдар, ішкі жану қозғалтқышының газдары – бензапирен, альдегидтер) бар. Олардың ішінде зиянсыздары – азот, оттек, сутек, су булары, зияндылары – көміртек, азот тотығы, этилен, бензол, этан, метан, толуол, бенз(а)пирен, күйе, күкіртті түтін т.б. Бұл физикалық-химиялық қоспалар тыныс алу кезінде адам мен жануарларға аса зиянды. Ластаушылар автомобильді қыздырған кезде және аз жылдамдықпен жүрген кезде ауаға тез тарайды.Машина тоқтаған уақытта көмірсутегі мен көміртек оксиді, ал жүргенде азот оксиді шығады. Дизельді моторлы машиналар құрамында CO, NO заттары бар болғандықтан бензинді пайдаланатын машиналарға қарағанда кемшілігі мол. Себебі, олар түтінді көп шығарады, адам денсаулығына зиянды әсері жоғары. Атмосфераға көліктен бөлінген газдардың құрамында 25-27% қорғасын болатыны анықталған және оның 40% диаметрі 5 мкм-ге дейін жетеді. Ауада ұзақ уақыт сақталып, онымен бірге адам ағзасына түсетіндігі белгілі. Автокөлік түтіні жасыл желекке зиянды әсер етуде – лас ауадан өсімдікте аурулар пайда болады. Жапырағы химиялық күйікке ұшырайды. Атмосфералық ауаның ластануы автокөліктің техникалық жағдайына тікелей байланысты. Қала магистральдары бойында жүргізілген тексерулер бойынша автокөліктің 80%-да түтіндерінде зиянды заттар нормативтен 3-4 есе жоғары болған.
«Мадина», «БаТу Трэвел» кәсіпорындары да жаңа автобус сатып алып жатыр.
Басқарма басшысы биыл жыл соңына дейін жаңа авобустардың үлесі 53%-дан 70%-ға жететіндігін баса айтты.
«Сараланған тариф енгізілгенге дейін тасымалдаушылар шығын көп деп наразылық білдіретін еді. Енді олардың табысы 2 есеге артты. Жекеменшік тасымалдаушылардың жаңа автобус сатып ала бастауы «Оңай» жүйесінің тиімділігін көрсетсе керек», - деді ол.
Лауазымды тұлға жанармай бағасы көтерілсе де жол ақысы қымбаттамайтынын айтып сендірді.