Өмірімді өзгерткен сол бір кеш, сол бір жан...

/uploads/thumbnail/20171027193708167_small.jpg

Мейірімі шексіздің жаратылысымен құрылған бұл дүниеге кейде мейірімділік жетпей жатады. Адамдар қара басының қамымен күнді ұясынан атырып та, батырып та жатыр. Өмір дегеннің жалған екенін кейбірі кеш түсінсе, кейбіреу ерте түсінеді, бәзбіреулер өмір бақи түсінбей өтеді.  Садақа беруге 10 теңгесін қимағандар, арақ-шарапқа ақшасын аямайды. Осылай Жер өз осьін де, Күнді де айналып, уақыт өтуде.  Мен де сондай жандардың бірі едім. Алайда өмірімді түбегейлі өзгерткен бір жан, бір оқиға бар. Сол оқиғаны мен өле өлгенше ұмытпайтын да шығармын... Өмірімді 180 градус түгілі, 360 градусқа өзгерткен сол бір жанның күлімдеген бейнесін де, айтқан ғибратты оқиғасын да мәңгілікке жадымда сақтаймын. Менің пәни мен бақи дүниеде де бақытты болуыма кепіл болатын амалдар жасауыма себепкер болған да сол жан, сол бір кеш...

Жер шарының кішкене бір бөлшегі іспетті адамдардың ортасында Айша деген қызбен өте жақсы араласамыз демесем де, таныс едік. Оның іс-әрекеті мен жүріс-тұрысы да өзгелерден ерекшеленіп, дараланып тұратын. Жұмысына да, отбасына да адал екені көрініп тұр. Үнемі күліп, бал-бұл жайнап жүретін. Оған сүйсіне де, қызыға да, қызғана да қарайтынымды мойындаймын. Оның бірде-бір рет қабақ шытып ашуланғанын немесе жабырқаған сәтін көрмеппін. Уақыт өте келе мен Айшаны өзіме жақын тарта бастадым, онымен араласып, сырласқым келді.

Ол бай-бақуатты адамға күйеуге шыққан шығар дедім іштей. Алайда Айшамен жақсы араласқаннан кейін менің пікірім қате екенін ұқтым, өз-өзімнен, Айшадан ұялдым. Оның күйеуі мен ойлағандай бай емес,  қарапайым жігіт болып шықты. Айшаның күйеуге шыққанына 5 жыл болса да, әлі күнге дейін бала сүйе алмай жүр екен. Бірақ, қалайша?! Айша не үшін үнемі күліп жүреді? Осы сұрақ мені үнемі мазалайтын... Бір  күні жұмыстан кейін Айша күйеуінің жұмыс барысымен басқа қалаға кеткенін, үйде жалғыз қалатынын айтып, мені үйіне қонаққа шақырды. Мен бір жағынан ұялсам, бір жағынан қуанған едім.  Себебі, сол кеште ол менің сұрағыма да жауап берді...

Айша екеуміз тамақтанып болған соң, ол құптан намазын оқыды. Мен намаз туралы естігенім болмаса, намаз оқып жатқан адамды алғаш көруім еді. Намаз оқыған адамды ғана емес, үнемі күлімдеп жүретін Айшаның намаз кезінде еңкілдеп жылағанын көрдім... Иә, мен танитын, мен білетін Айшаның көзінен моншақтап жастар ақты. Алайда намазын аяқтап, көз жасын көрсеткісі келмегендей сүртіп, маған қарап қайтадан күлімдеді. Алайда бұл күлкі мен бұрындары көрген күлкіден бөлек. Жүрегінде жарасы бар адамның еріксіз күлкісі...  Ол көрсеткісі келмеді, мен көрмегендей кейіп таныттым...

Бір кезде мен өзімнің өмірімде болған жауапсыз махаббаттым жайында айтып бердім, ал ол болса мені ұйып тыңдады. Арасында ақылын айтып, қолдап қойды... Біраздан соң мен Айшадан күйеуімен қалай танысқаны туралы сұрадым. Ол күлімдеп, сол бір сәттерді сағынышпен еске алып айтып берді.

«Ол кезде мен студент едім. Оқу оқып, қосымша жұмыс жасап жүрдім. Кейін қасымдағы құрбымнан намаз оқуды үйреніп, діни білімімді нығайтуға тырыстым. Армандап, аңсап жүріп орамалымды да тақтым. Бәрі өз ретімен, ойдағыдай болып жатты. Үнемі көшеде жүрген кезде ауыр сөмке көтерген әйелді көрсем, міндетті түрде көмектесетінмін. Себебі, менің анам ауылда жалғыз тұратын. Көмек көрсетіп бара жатқанда, үнемі «Иа, Аллам менің анам ауыр сөмке көтеріп бара жатқанда оған да бір жақсы адам көмек көрсетсінші, қол ұшын созсыншы», — деп іштей жалбарынатынмын. Әкемнен ерте айырылғалы, анамның мен үшін қандай қиындыққа төтеп бергенін көретінмін, көмектескім келетін, әттең, қолымнан келмейтін.
Уақыт өте келе жақсы жұмыс тауып, анама алған сыйлықтарымды құшақтап, ауылға бардым. Ол кезде университет аяқтап, бір-екі жыл жұмыс жасап, үлкен қалада күн көріп жүргенмін. Біраз қаражат жинап алғасын анамды да қалаға алып кетуге келгем. Келсем үйдегі жарықты жасы менімен шамалас бір жігіт жөндеп жатыр екен. Бәсең дауыспен амандасып, анамның ыстық құшағына тығылдым, жұпар иісін иіскеп, мауқымды бастым. Әлгі жігіт жарықты жөндеп болған соң, анам тілегі мен алғысын айтып шығарып салды. Анам менің қаладағы барлық жаңалығымды тыңдап болған соң, әлгі жігіт туралы айта бастады. Ол үнемі менің анама көмектесіп жүретін, намазын қаза қылмайтын жігіт екен. Есімі Расул. Бірден өзімнің анам үшін жасаған дұғамның қабыл болғанын түсініп, шүкір еттім. Неге екенін білмеймін сосын,Алла ерлі-зайыптыларды  тең-теңімен қосатыны туралы сөздер есіме түсті. Неге екенін ол кезде түсінбедім. Біраз уақыт өткесін Расул анама мені ұнататынын айтқан екен. Бірнеше күн қырсығып жүргеніммен, Расулды өзімнің де ұнататынымды түсіндім. Көп уақыт өтпей дүркіретіп той жасамасақ та, салт-дәстүрге сай шағын той жасадық. Расулдың ата-анасы ерте қайтыс болып кеткендіктен, тойға тек алыс-жақын туыстары келді. Анамыз бізге Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.) бен Айша анамыздың (р.а.) кіршіксіз сезімін тіледі.Осылай біз өзіміздің жасаған жақсылығымыздың себебімен отбасын құрдық. Анамды қалада бізбен бірге тұрады деп ойлағанбыз. Алайда мен тұрмысқа шыққан соң өз шаңырағында қайтыс болды. Мені сенімді адамға тапсырды да, о дүниеге аттанды», - деді ол көзіне жас алып. «Алайда бұл тағдыр», — деді де қайта күлімсіреді.  

Ертегі тыңдағандай болды, көз алдыма елестеттім... Не деген ерекше танысу, керемет, кіршіксіз сезім мен сенім... Қызықтым, қызғандым... Анасының қайтыс болғанына іштей қынжылдым. Алайда әр адамның өлшеулі уақыты бар екенін белгілі еді...

Біраздан кейін мен тағы сұрақ қойдым. «Сенің отау құрғаныңа біраз жыл болса да нағыз бақытты сезіне алмай жүрсін, бірақ неге үнемі күліп жүресің?»,- дедім мен. Сұрақты қалай қойғанымды өзім де байқамай қалдым... Бірақ менің сұрағым оның жүзіндегі күлкіні өшірмеді. Ойланбастан, бұның жай ғана сынақ екенін айтты. Сосын сөзін былай жалғады: «Мұсылманның өзге мұсылманға күлімсіреп қарауы садақа  деген мағынадағы сөзді оқығаннан бастап күлімсіреп жүретін болдым. Ең болмаса осылай жақсылық жасайын дедім. Үнемі жабырқап жүргеннен ештеңе ұтпасым анық қой. Керісінше ұтылғаным көп болар еді. Ал күлімсіреп жүруден еш зиян көрмедім. Менің күлімсірегенім ең болмаса бір адамның көңілін көтерсе, оның өзі жақсылық емес пе?!».

Осы сөзінен кейін мен де ойлана бастадым. Күлімсіреп жүру соншалықты қиын емес. Жақсылық жасаудың ең оңай тәсілі де осы секілді. Осындай оймен ұйқыға кеттім...

Таңертең тұра сала айнаға қарап күлімсіредім... Ешқандай қиындық жоқ екен. Менің де қолымнан келеді. Таңертеңгі асты Айшамен бірге ішіп, жұмысқа керемет көңіл-күймен бардым. Жұмыс күнім керемет өткенін байқадым. Осылай күнім зуылдап өтіп жатты. Көшеде де, жұмыста да жақсылық жасауға асықтым. Алғашында Айшадан діни кітаптарды алып оқыдым. Кейін намаз оқып та үйрендім, алғаш рет Айшаның ана атанса деп дұға жасадым. Өмірім гүлге айналғандай болды. Басымызды ауыртып жүрген мәселенің жақсылық пен дұға жасаған кезде жоқ болатынына көзім анық жетті. Мен де отбасы құрдым, Айша екеуміз де ана бақытына ие болдық. Қарапайым тіршілік болса да,ең бастысы бақыттымыз!

Жақсылық жасау соншалықты қиын емес. Жай ғана ниет болса болғаны. Осындай жақсылық жасауға деген қызығушылық арқылы жер ғаламшарындағы көзге көрінбейтін, танымал емес адамның өмірі осылай өзгерді. Сол бір кеш, сол бір жан өзгертті...

Әсел Болатқызы

Қатысты Мақалалар