Қазіргі кездегі қазақ қоғамында латын әліпбиі қызу талқыланып, басты тақырыптардың біріне айналды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Латын әліпбиіне қатысты осыған дейін ең негізгі 3 нұсқа ұсынылған болатын. Бүгін Елбасы латын әліпбиіне қатысты жарлыққа қол қойды.
Сонымен бірге латын әліпбиіне қатысты қазақстандық азаматтар өз пікірін білдіруді әлі тоқтатқан жоқ.
«Ең басынан бастап латын әліпбиіне өтуді қолдадым. Алайда бір үрей болды, бұл процесс көпке созылып кетпей ме деген. Бүгін алдағы уақытта біз жұмыс істеп, білім алатын әліпбидің нұсқасын бекітті дегенде өте қатты қуандым. Көпке созбай, жұмысты жинақылықпен жүргізгендеріне ризамын.
Әлем елдерінің 70% латын әліпбиін қолданып, жетістікке жетіп жатыр. Біз неге көштен қалуымыз керек. Негізінде менің және басқа да замандастарымның туу туралы куәлігі, алғашқы оқыған кітаптары латын әліпбиінде жазылған болатын. Сондықтан аға буын өкілдеріне де латын қарпімен жазып, оқу қиындық тудырмас», деп өз ойымен бөлісті ҚР Халық әртісі Сәбит Қоңырбайұлы.
Латын әліпбиіне байланысты спортшылардың да өз пікірін білдіруі қоғамдағы кез келген адамның өз ойын ашық айтып, жеткізе алатынын көрсетеді.
«Елбасының бүгінгі латын қарпіндегі жаңа әліпбиді бекіту туралы жарлығын, ондағы үкіметке берілген тапсырмамен танысып, қуанып қалдым. Жалпы бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу үшін, ғылым мен көркем өнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар, білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы Әзірбайжан, Түркия елдері еш қиындықсыз осыған өтті. Шет елден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекен жайларды оқу, олармен пікір алмасу өте оңай болады», деп пікір білдірді Олимпиада ойындарының жүлдегері Ислам Ілиясұлы.
Сонымен бірге бұл тақырып туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариев те өз ойын айтқан болатын.
«Бұл тақырыпқа байланысты біздің ұжымда, яғни М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында митинг ұйымдастырылды. Институт директоры Уәлихан Қалижанұлы сөз сөйледі, мен өлең оқыдым, тағы бірнеше ғалымдар, соның ішінде Еркін Ғалымов деген жас ғалым пікірімен бөлісті. Латын қарпіне көшу – бұл жаңа құбылыс, жаңа бір дәуірдің басталғандығы. Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді міне, тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймыз. Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар қаріп. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасын ақын ретінде, азамат ретінде қолдаймын», - деді Шөмішбай Сариев.
Латын әліпбиіне қатысты әлі де талай пікір айтылып, жазылатыны да белгілі. Себебі бұл қоғамдық мәселе, қоғамдық тақырып. Бұл мәселеге әрбір қазақстандық азамат бей-жай қарай алмайды.
Н.Назарбев латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол туралы қоғамның зиялы өкілдерінің пікірін білген едік.
ҚР бұрынғы Білім министрі Беркімбаева Шәмша Көпбайқызы: Латын әліпбиіне көшу үлкен дайындықты, жан-жақтылықты қажет ететін жұмыс. Сол себепті де қанша уақыт бойы халықтың талқылауынан өтіп, түрлі ғалымдар мен тіл мамандары бұл жұмысқа жұмылдырылды. Осы өткізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде бүгін Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, халық назарына соңғы нұсқаны ұсынды. Осыған орай Елбасымызды, елімізді осынау жаңа қадаммен құттықтаймын. Ендігі мәселе халықты ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып отыр.
Тамақтану академиясының директоры, Алматы қаласының «Құрметті азаматы» Шарманов Торегельды Шарманұлы: Мен Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасап отыр. Бұл біздің, ұлтымыздың рухани кодексі десек те болады. Бұл Елбасының бастамасы мәні зор, келешектің бақытты көрінісі, мақтанатын нәрсе. Латын ол қазіргі жаңа технологияның, ғылымның, тіпті әдебиеттің тілі. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныштымын.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дәрібаева Жадыра Ибрагимовна: Бүгін қол қойылған Елбасының Жарлығын және бұл шешімін қолдаймын, толық келісемін. Себебі латын қарпіне көшудің уақыты келді. Ел болып, халық болып талқылауға қатыстық. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру дер кезінде қабылданған шешім. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз үшін заман ағымымен қатар жүру басты міндеттердің бірі. Қазақ тілі өте бай тіл, ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз соны көрсете аламыз деп ойлаймын.
Сонымен қатар, өзге халықтармен, соның ішінде туыстас түркі халықтармен етене араласуымызға жол ашылған секілді. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз.
Қазақстанның Еңбек Ері Миразова Аягүл Тореқызы: Бүгін Қазақстан халқы үшін ерекше күн деп санаймын. Себебі Елбасымыз көптен бері талқыға түсіп отырған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты шешімге қол қойды. Дүние жүзіндегі халықтардың 70 % латын қарпіне көшкені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Елбасымыздың өзі бүкіл қазақ халқының тіл бірлігін сақтауымыз керек деп айтып жүр. Қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде дейтін болсақ, бәріміздің басымызды тек тіл ғана біріктіре алады. Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды. Осы тұрғыда түрлі ғалымдарымыздың, тіл мамандарының, қоғам қайраткерлерінің тағы да басқа көптеген тұлғалардың пікір білдіріп, қолдауы еліміздің келешегіне бей-берекет қарамағандығы деп қуанамын. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халықаралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшуіміз соны нығайта түседі деп ойлаймын.
Композитор, Қоразбаев Алтынбек Қоразбайұлы: Бүгін қол қойылған Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы біз үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Біз бұған дейін де латын қарпіне көшуіміз керек еді, әлі де болса кеш емес. Осы тұрғыда бұл дер кезінде қабылданған шешім. Себебі бізге болмаса да балаларымызға, кейінгі ұрпаққа латын қарпі өте қажет дүние.
Сондай-ақ, бізге тән латын әліпбидің нұсқасын дайындау және бекітуді көп созбай, тиянақты жұмыс атқарылғаны қуантарлық жағдай.