Болгарияның Конституциялық соты бүгін Румен Радевтің мемлекет басшысы қызметінен өз еркімен кету туралы өтінішін қарап, оны ресми түрде бекітті. Осы шешім арқылы оның президент ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Сот қаулысында Румен Радевтің отставкасы Конституциялық сот тарапынан расталғаны және шешімнің 2026 жылғы 23 қаңтардан бастап күшіне енетіні көрсетілген. Конституция талаптарына сәйкес, вице-президент Илияна Йотова президент өкілетін өз мойнына алды. Осылайша, ол Болгария тарихындағы алғашқы әйел президент атанды және елдің алтыншы мемлекет басшысы болды.
Еске салайық, 19 қаңтарда, алғашқы президенттік ант бергеніне тоғыз жыл толған күні Румен Радев халыққа үндеу жасап, қызметтен кететінін мәлімдеген еді. Ол бұл шешімін елде жаңа үкімет құру мүмкін болмаған жағдаймен және кезектен тыс парламенттік сайлаудың қажеттілігімен байланыстырды.
61 жастағы Илияна Йотова Болгар ұлттық телевидениесінде еңбек еткен, Болгар социалистік партиясының мүшесі болған. Бұған дейін ұлттық парламент пен Еуропарламент депутаты қызметтерін атқарған. 2017 жылдан бері Болгарияның вице-президенті болды.