Еуропалық комиссия Илон Маскқа тиесілі X әлеуметтік желісінде қолданылатын Grok жасанды интеллект чат-ботына қатысты ресми тергеу бастады. Тергеуге себеп – чат-боттың әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты рұқсатсыз, сексуалдық сипаттағы дипфейк суреттерді жасауға мүмкіндік беруі жөніндегі ақпараттар.
ЕО өкілдерінің айтуынша, тексеру барысында Grok пен X платформасының Еуроодақтың Цифрлық қызметтер туралы заңы (Digital Services Act) талаптарын орындау-орындамауы анықталады. Бұл заң интернет-платформаларды заңсыз және зиянды контенттің таралуын болдырмауға міндеттейді.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мұндай әрекеттерді «ақылға қонымсыз әрі қауіпті» деп атап, Еуропа әйелдер мен балаларды цифрлық қорлау әрекеттеріне ешқашан көз жұма қарамайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, технологиялық компаниялар пайда табу үшін адам құқығы мен балалар қауіпсіздігін құрбан етпеуі тиіс.
Айта кетейік, Grok чат-боты бұған дейін де сынға ұшыраған. Тергеулерден кейін компания сурет жасау мүмкіндігін тек ақылы қолданушылармен шектеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар Ұлыбританияның медиа реттеушісі Ofcom да X платформасына қатысты жеке тексеру жүргізіп жатыр. Илон Маскің экс-қалыңдығы да Масктің Grok платформасын сотқа берген.