(Жерлесіміз Ақселеу Сейдімбектің өмірден озғанына бес жыл толуына)
Әлі есімде, қазақтың біртуар азаматы, белгілі қаламгер, жерлесіміз Ақселеу Сейдімбековтің 70 жылдығына орай, осы Жаңаарқа топырағында, Бәйгетөбе басында 2012 жылы марқұмға ас берілді. Күз айы еді. Бұл күні табиғат тосын мінез танытып, күн жаңбырлы болды. Дастархан жайылып, дәм тартылған кез болатын. Қазақы кигіз үйдің шаңырағынан саңлау тауып, үзілген бір тамшы қазақтың белгілі ақынының маңдайына түсті. Сол сәтке куәгер болып отырған мен, еркімнен тыс тілге оралған осы жолдардың бірінші жолын:
- Ағып түсті маңдайға кеп бір тамшы... – деп дауыстап айтып қалғаным ғой, бірақ дастархан басында отырған қос ақын тарапынан мұныма еш қолдау болмады.
Ағып түсті маңдайға кеп бір тамшы,
Сол тамшының түсі мүлде алдамшы.
Ақаң жатқан бәйге төбе төсінде,
Түсін түстер жауһар жырға сал қамшы.
Бәрі бар – ау бұл тамшыда бәрі бар,
Тіршіліктің өзек жалғар нәрі бар.
Кеңістікті кең сөздермен сөз еткен,
Ақселеуден айрылған күн шері бар.
Күмбірлеген күй домбыра сазы бар,
Сайын дала, аптап ыстық жазы бар,
Ер жігіттің өр көңілін жықпайтын,
Сұлу қыздың жан ерітер назы бар.
Жан түршігер жалғандықтың зәрі бар,
Беттен қағар қатал қыстың кәрі бар.
Көңіл төрін теңге тескен талайға,
Сипай жақса ем боларлық дәрі бар.
«Дәуренайдың» сезім бойлар әні бар,
Насыбайдың тіл қуырған дәмі бар.
Жәнібектің әнін тыңдап тамсанған,
Нар тұлғалы Ақселеудің үні бар.
Бұл тамшыда замананың зары бар,
Заңғар таудай ыза – кектің қары бар.
Жолбике боп жорғалаған жаманға,
Өткел бермес нәрлі сөздің бәрі бар.
Көрген түстей өтті өмір жанталас,
Ақаң биік күйінгенмен бақталас.
Зерлі сөз бен бал тіліне ынтыққан,
Аман болсын, қалың қазақ замандас.
30.06.2014 жыл
Ислам Мияшұлы Аманов
Сурет: baq.kz