Солтүстік Корея бүгінде жабық есік саясатын ұстанатын өзі туралы ешкімге мәлімет бермейтін жабық елдердің бірі. Алайда, КХДР енді тек Орталық телеграфтық агенттік арқылы емес, заманауи видеороликтер форматы арқылы өзі туралы насихаттық ақпараттар беретін болды.
Солтүстік Кореяның елшілігі мемлекет туралы насихаттық видеолармен қоса, «Хвасон» баллистикалық зымыранын ұшырып Вашингтонға «соққысы» бейнеленген видеоны Лента.ру редакциясына жіберген деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Хвасон» зымыраны ұшырылғаны бейнеленген видео компьютерлік графикамен монтаждалған. Видеода зымыран Ақ үйге қарай бағытталып сонда жарылады. Бұл видео арқылы Солтүстік Корея өзінің күшін көрсетіп, АҚШ-қа, бүкіл әлемге сес көрсеткен сыңайлы.
Солтүстік Корея жариялаған видео топтамасында маңызды тарихи оқиғаларға байланысты бейнежазбалар да бар. Соның ішінде, Корей халық армиясының американдық тыңшы кемесін басып алуын айтуға болады. Мына видеода «Пуэбло» кемесі туралы айтылады. Пхеньянның айтуынша, «Пуэбло» Солтүстік Корея аумағына басып кірген, ал АҚШ бұл мәліметті жоққа шығарған.
Сонымен бірге, Пхеньян өзінің заманауи инфрақұрылымымен, оның ішінде әуежайымен мақтанғысы келген сыңайлы. Жарияланған видео топтамасында әуежайдың жаңа ғимаратының бейнежазбасын көруге болады.
Пікір қалдыру