«Назарбаев ресейлік қазақтарды әбігерге салды»

/uploads/thumbnail/20171031143355354_small.png

Ресейлік Regnum.ru басылымы Кирилл Истоминнің Қазақстандағы латындану процесіне орай өз пайымын жариялады. Истоминнің айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіту туралы Жарлыққа қол қоюы Ресейде тұратын қазақтар үшін жағымсыз жаңалық болып отыр.

«Олар үнсіз отыр, себебі Отандарына сатқындық жасағысы келмейді», - деп жазды сарапшы өз мақаласында. Оның айтуынша, мұндай процесс Ресейдегі қазақтардың жағдайын қиындатады.

Ондай жағдайларға бірнеше мысал келтіріп өтті.

«Біріншіден, қазақтар үшін ыңғайсыздық жағдай туады. Саясаткерлер латынға көшу үрдісін антиресейлік саясатқа қатысы жоқ дегенімен, бұған сену қиын. Қазақстанның ұлтшыл күштері осындай әдіс арқылы кеңестік дәуірмен қош айтысып, «Ресей империализмінің» тағы бір бетін жабады.

Бұл қоштасу антиресейлік саясат аясында жүзеге аспақ. Әрине, ғылыми тұрғыдан алғанда славяндар мен түркілердің тілдеріндегі айырмашылық бәрімізге аян. Түркі фонетикасын латын әліпбиі арқылы жеткізу әлдеқайда оңай. Алайда мұнда бір саясаттың жатқанын ескеру қажет, ол – әліпби реформасы аясындағы саяси сипат».

Сондай-ақ Ресейде тұрып жатқан қазақтардың санын да көрсетіп өткен. «2010 жылғы санақ бойынша 647 мың адам, ал бүкіл әлем бойынша қазақтардың саны 15 миллионға жетеді. Қазақстанда 11,7 миллион қазақ бар. Сібір ауданында да қазақтардың үлкен диаспорасы бар. Омск облысында 78 мың қазақ болса, Алтай Республикасында 12 мың, Новосибирск облысында 8-11 мың қазақ тұрады. Қазақстанның тарихы әркімге мәлім, әркім үшін бағалы. Қазақ тілін де біледі, мәдениеті де таңсық емес. Ал қазақ тілінің латынға көшуі олардың жағдайдың қиындатуы мүмкін».

Истоминнің пайымынша, ресейлік қазақтар арасында сауаттылық төмендеп, шатасулар орын алады.

Айта кетейік, Қазақстанда латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. 26 қазанда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті жарлыққа қол қойған. Қазақстандағы Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников Қазақстанның латынға көшуі турасында өз пікірін білдірді. Елшінің айтуынша, Ресей егемен Қазақстанның мемлекеттік тілін латын әліпбиіне көшіруіне түсіністікпен әрі құрметпен қарайды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар