Белгілі ақын, көптеген ән өлеңдерінің авторы Ибрагим Исаев дүниеден озды. Бұл суыт хабар туралы журналист Қанышайым Байдаулет өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. Марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Ибрагим Исаев - 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Сырдария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық творчествосы үйінде нұсқаушы-методист, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші-әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альма-нахында редактор, «Сахна-сцена» журналында бас редактор, «Сақшы — На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген.
Өлеңдері бірқатар шетел тілдеріне аударылған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Ән-аға» атты ән альбомы шыққан.
Коми ақыны И.Куратов, орыс ақыны Н.Рубцов өлеңдерін қазақша сөйлеткен.
«Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Шығармалары:
- Алтын сырға. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1974;
- Таң алдындағы ән. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1976;
- Тербеледі қайыңдар. Өлеңдер мен баллада. А., «Жалын», 1981;
- Жанымның жарығы. Өлеңдер мен баллада. А., «Жазушы», 1983.