Фотоөнердің құдіреті қай заманда болмасын, қоғам назарынан қалыс қалған емес. Бұл саланың рухты болуы мықты мамандарымен айшықты. Қазақ фотожурналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, ардагер фотожурналист Жақсылық Тұрлыбековтың есімі халыққа етене таныс. Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген Жақсылық аға бала кезден фотоөнерге жақын өскен. Ғұмырын фотожурналистика саласындағы фоторепортажға арнаған кәсіби маман – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері. Жақсылық аға Алматы қаласы әкімдігінде өткен шарада ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенконың қолынан «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алды. Осы орайда Айқын газеті жариялаған фотожурналистің өзімен аз-кем сұхбатты Qamshy.kz оқырман назарына ұсынады.
– Жақсылық аға, фотография саласына қалай келдіңіз? Әңгімені осы сұрақтан бастасақ…
– Кішкентайымнан нағашы ағам Ержікен Оспанұлының қолында тәрбиелендім. Ол кісі соғысқа қатысқан, полковник шеніндегі әскери адам еді. Шағын фотоаппараты болатын. Сол уақыттан бастап, маған фотоаппартпен суретке түсіруді, оны шығаруды көрсетті.
1970 жылы Қарағанды қаласындағы фотографтар даярлайтын училищені бітіріп, кейін, Алматыдағы Кино техникумын тәмамдадым. Осы техникумда фотозертхана меңгерушісі қызметін атқардым. Содан кейін Павлодардағы педагогикалық институттың филология факультетінде оқып, фототілші қызметін, кешегі Жоғарғы кеңестің, Алматыдағы Парламент фотостудиясында шетелдермен байланыстағы «Достық» қоғамында, «Хабар» телеарнасында, «Түркістан», «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде фотожурналист болдым.
Бірегей тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың қасында көп жыл қызмет атқардым. Алматыдағы Парламент депутаттарымен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, фоторепортаждар дайындадым. Қазір зейнет жасындамын.
– Ең алғашқы фототехникаңыз қандай еді?
– Жұмысты «Зенит» фотоаппаратымен бастадым. Одан кейін автоматты фотоаппараттарды және немістің Praktica-сын қолдандық. Уақыт өте келе, жапондық Konica Minolta-сын қолдану үрдіске енді. Бүгінгі таңда жапондық өндірушілердің осы заманға икемді әрі қолайлы, сапалы Canon EOS 5D Mark II кәсіби фотоаппаратын қолданып келемін. Осы техникаға өте ризамын. Сәл құлатып алсаң да, жаңбырлы, қарлы, ылғалды күндерде де суретті анық түсіреді.
– Өміріңіздегі өте сәтті шыққан суретті атасаңыз?
– 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан кезде тұңғыш ғарышкеріміздің ұшу сәтін түсірдім. Ол тарихи шараға барлық мемлекеттің елшілері мен өкілдері қатысты. Ол кезде шет мемлекеттердің президенттерімен де жиі жолығатынбыз. Дәл осы күні сәтті көріністер де түсірілді, тіпті өзім де сәтті, жүректе қалатын суретке айналып үлгердім. Өзбекстан президентінің өзі шақырып, менімен естелікке суретке түскен сәттерді әлі күнге ұмыта алмаймын.
– Мәдениет тақырыбы сізге жақын. Оны өзіңіз түсірген суреттерден аңғарамыз. Осы саладағы еңбек жолыңызды айта отырсаңыз?
– Ұлтжанды азамат қана рухани дүниеге ұмтылады. Тарихына, мәдениетіне үңілген адам ғана ұлтының руханиятын көтереді. Ол үшін мықты рух, талмас қанат керек. Қолдағы фотоаппаратты мәдени байланысқа арнаудың өзі ерекше сезім сыйлайды. 1995 жылы Семейге Елбасымен бірге барып, Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын cуретке түсірдік. 1996 жылы Түркияның Ыстамбұл мен Анкара қалаларында өткен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығын тойлап қайттық. Бұл мерейтойға бізді Талғат Мамашев апарған болатын. Ол шарадан да альбом шығарып, газет-журналдарға фоторепортаждар әзірледім.
1997 жылы Парижде М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы тойланды. Біздің делегацияны Иманғали Тасмағамбетов басқарып барған болатын. Делегацияда Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сәкен Жүнісов, Айман Мұсақожаева, Мұрат Әуезов, Қаршыға Ахмедияров және тағы басқалар болды. Сол кезде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде фоторепортаж жасадым. Мұндай шараға бұрын-соңды Қазақстаннан ешқандай фотожурналист бармаған. Шарада түсірілген суреттерді газет-журналдарға шығарып отырдым. Бүгінде бұл жұмыстар М.Әуезов музейінде сақтаулы тұр. Одан кейін Түркістанның 1500 жылдығын, Тараздың 2000 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қарқара көтерілісінің 100 жылдығын, Қабанбай батырдың 525 жылдығын суретке түсіріп, бірегей естелік фотоальбомдар әзірледім.
– Сурет қорыңыз көп. Жеке архивіңіз де бар екен. Тарихи суреттеріңізді сұратушылар бар ма?
– Суреттерді сұраушылар да, іздеушілер де болады. Көбіне қолдау көрсетіп, беріп тұрамын. Бірақ барлық еңбегімді толық бере алмаймын. Өйткені бұл – менің байлығым.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында үлкен фотокөрме өткіздім. Көрмеде Елбасымыздың ел және шетел аумағындағы сапарларынан көріністер ұсынылды. Сондай-ақ осыдан үш жыл бұрын 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Алматыдағы Республика сарайында Елбасыға арналған фотокөрме ұйымдастырдым.
Халық суреттегі бейнелерге қарап сол ортаны, сол дәуірді таниды. Алайда оны кім қалай түсірді, қандай детальді басшылыққа алды, оған мән бермейтініміз өкінішті. Біздің қолдан келетіні – фотокөрме ұйымдастыру. Сол арқылы өнерімізді елге жеткіземіз.
– Мықты фоторепортер болу үшін не керек?
– Шаршамау керек. Жасым 71-де. Бұрын спортпен айналысқанмын. Жылына бір рет болса да, денсаулыққа көңіл бөлу керек. Жыл сайын жаз мезгілінде «Сарыағаш» шипажайында демаламын. Адамның денсаулығын күтудің түрлі медициналық жолдары бар. Соның барлығы болмаса да, бірнешеуіне мән берген жөн. Жасың ұлғайған сайын, сыр бере бастайсың. Дәрігер достарым, аға-інілерім, доктор, профессор бауырларым үнемі ақыл-кеңестерін беріп, қабылдауларына шақырып тұрады. Сондықтан жақсы жұмыс жасау үшін, мықты денсаулық керек.
– Жеке фотоархивіңізде қанша сурет бар?
– Бір түсіргенде мыңнан, тіпті екі мыңнан аса сурет түсіріп үлгереміз. Енді есептей беріңіз, шамамен миллионнан асып қалатын шығар. Ескі суреттердің өзі бір төбе. Оларды қазір цифрлық жүйеге аудардым. Олай жасамасаң, аш қаласың. Парламенттік фотоархивтің барлығы өзімде сақталған. Архивімде жатыр. Бірақ қазір ешкімге ешнәрсе керек емес. Сұраушылар аз. Архивімдегі суреттерді артымдағы ұрпақтарыма аманаттаймын.
– Осы еңбектеріңізді жинап, үлкен фотоальбом шығару ойыңызда бар ма?
– 60-65 жас мерейтойымда шағын фотоальбомдар жарыққа шыққан. Материалдардың барлығы дайын. Енді жинақтап жарыққа шығару қалып тұр.
– Сіздің жолыңызды қуған ұрпағыңыз бар ма?
– Екі қызым, үш ұлым, бес немерем бар. Олардың әрқайсысы – әртүрлі мамандықтың иесі. Үлкен ұлым Серік Тұрлыбеков қана фотожурналист болып қызмет жасады. Жолымды қуған да осы ұлым – Серік.
– Қазір зейнет жасындасыз. Әлі де фотоаппаратты тастамаған боларсыз?
– Зейнет жасында болсақ та, фотоаппаратты серік етіп келемін. Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Алматы облысынан арнайы шақыртып, 16 аудан мен 3 қаланың (Қапшағай, Текелі, Талдықорған) 25 жылдағы экономикалық, әлеуметтік жетістіктерін көрсетіп, әр ауданға фотоальбом шығарып бердік. Бұл тапсырыс бір жыл ішінде орындалып, Талдықорған қаласындағы облыстық музейге табысталды.
– Жас фотожурналистерге айтарыңыз…
– Басты айтарым ерінбеу керек, іздену қажет. Уақыт өз орнында тұрмайды. Күнде бір жаңалық пайда болады. Сондықтан барлық ақпаратты біліп отыру керек. Бұл фотографияға да қатысты. Жаңашылдықтан қалыс қалу – артта қалу деген сөз. Заманмен бірге жаңарғанда ғана, жақсы дүниелерді де жасауға болады.
– Фотографиядан бөлек, басқа мамандықты армандап көрдіңіз бе?
– Осы саланы бастадым, әлі күнге дейін еңбек етіп келемін. Сондықтан шүкіршілік айтамын. Қиын-қыстау кезеңде, бірқатар әріптестерім фотоаппаратты тастап, бизнеске кетті. Мен ондай қадамға бармадым. Ешқандай өкінішім жоқ. Аш та, жалаңаш та болдық. Бірақ өз жұмысыңды ұнатып, соны істегеннен артық, рақат бар ма?!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Пікір қалдыру