Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік мерекесіне, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде» «Көк тудың желбірегені» атты әдеби кеш өтті , деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбековтың жүргізуімен өткен әдеби кеште ҚР Мәдениет қайраткері, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен көрініп жүрген белгілі ақын, «Көк тудың желбірегені» кітабының авторы Алмасбек Ахметбекұлы қонақ болды.
Кешке жиналған қауым Алмасбек Ахметбекұлына отбасы мен шығармашылық жолы тұрғысынан сұрақтар қойса, біз де өз кезегімізде "Рухани жаңғыру" жайында А.Ахметбекұлының пікірін сұраған едік.
Құрметті Алмасбек Ахметбекұлы, бүгінгі таңда екі жиналыстың бірін "Рухани жаңғыру" аясында деп жүргендер көп. "Рухани жаңғыруды" қалай түсінесіз ?
"Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!" деп өткен, осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын Алашорданы құрған Алашордашылардың рухани жалғасы болатын 10 тұлғаның болуы - "Рухани жаңғыру".
Елбасымыздың көреген саясатының арқасында аталған жоба бүгінде қолға алынып жатыр, біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгін біздің жиналып, әдеби кешке жастардың жиналуы да "Рухани жаңғыру" аясында атқарылып жатқан істің бірі".
"Менің алдымда өз жаным мен көк тудың бірін таңдау керек болса, мен міндетті түрде көк туды таңдаймын. "Көк тудың желбірегені" өлеңі еліме деген махаббаттан туған өлең" , деп айтып өтті А. Ахметбекұлы.
Әдеби кешке жиналған қауым қасиетті қара өлең мен киелі домбырадан төгілген әсем әнмен сусындап, рухани азық жинады.
Айта кетсек, 2017 жылдың 6 наурызында «Көк тудың желбірегені» атты жыр жинақтың екінші рет баспадан шыққаны хабарланған болатын.
Пікір қалдыру